Ұлтаралық араздықты тудыратын ақпарат таратқаны үшін С.Мәмбеталин мен Е.Нарымбаев екі айға қамауға алынды

Сот алды тергеу аясында Алматы қаласы ІІД Алмалы аудандық сотына С.Мәмбеталин мен Е.Нарымбаевқа қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындау туралы қолдаухаты енгізілген. Олар Қылмыстық кодекстің 174 бабының 1-тармағымен («әлеуметтік, ұлттық, таптық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруә) қарастырылған қылмысты жасауда күдікті танылды.
С.Мәмбеталин мен Е.Нарымбаев 12 қазанда ұсталып, сол күні уақытша ұстау абақтысына қамауға алынған. Аталған факті сот алдындағы тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Ұстауға бұл азаматтардың әлеуметтік желілерде ұлтаралық алауыздықты қоздыру, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілері бар мәліметтерді таратуы туралы ақпарат себеп болған.
Прокурордың санкциялауымен олардың үйлеріне тінту жүргізіліп, соның нәтижесінде заттай айғақтар алынды.
Алматы қаласының Алмалы аудандық соты сотқа дейінгі тергеу мерзімінде екі айға қамауға алу туралы өтінішті қолдады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.