Ұлттар лигасы: Қазақстанмен бір топтағы Грузия тағы да жеңді

Бірінші турда D лигасының 1-тобында өнер көрсететін Грузия Астанада Қазақстан құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірсе, Латвия өз алаңында Андоррамен тең тарқасқан еді. Сондықтан бұл кездесу қос команда үшін аса маңызды еді.
Тартысты өрбіген матч барысында алаң иелерінің басымдылығы байқалды. Латвиялықтар ара-тұра қарымта шабуылға шығып отырды.
Кездесу соңына таман қонақтардың айып алаңында грузиялық ойыншыны аяғынан шалып құлатты деген себеппен грекиялық қазы Анастасиос Папапетру 11 метрлік пенальти белгіледі. Бұл нүктеден 77-минутта Торнике Окриашвили мүлт кеткен жоқ.
Бұдан кейін латвиялықтар қаншама алға ұмтылып баққанымен, есеп өзгерген жоқ. Әсіресе, қосымша төрт минутта үш мәрте бұрыштамадан доп берілгенімен, одан еш нәтиже болмады. Айып соққысы да діттеген жеріне жеткен жоқ.
Латвия құрамасы сапында Оралдың «Ақжайығында» ойнайтын Артур Карашаускс алаңға шықты. Ол шабуылды ұйымдастырып қана қоймай, бұрыштама және айып доптарын беріп отырды. Артур 68-минутта қарсыласын жейдесінен тартып тоқтатып, ескерту де алды.
Осылайша қарсыласын 1:0 есебімен ұтқан словакиялық маман Владимир Вайстың шәкірттері өз тобында алты ұпаймен жекедара көш бастады.
Айта кетейік, бұл топта болгариялық маман Станимир Стоилов жаттықтыратын қазақстандықтар екінші ойынын 10 қыркүйек күні сырт алаңда Андоррамен өткізеді. Андорралықтар оңай шағылатын жаңғақ еместігін Ригада болған матчта көрсетті. Өз алаңында Грузияға есе жіберген Қазақстан құрамасына ұпай ауадай қажет. Сондықтан бұл кездесудің аса тартысты өтері анық.