Ұлттық банк айлық пен сыйақы төлеу шығындарын неге арттырды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов былтыр неге айлық пен сыйақы төлеу шығындарын арттырғанын түсіндірді.

- Біріншіден, бұл Ұлттық банк филиалдарының кеңеюімен байланысты. Жаңа облыстар құрылып, Ұлттық банктің жаңа аумақтық бекеттері ашылғандықтан, штат санын ұлғайтқанбыз және филиалдардың еңбекақысын арттырдық.
Екіншіден, қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жұмысын Ұлттық банк бюджеті қаржыландырып отыр. Бұрын ол республикалық бюджеттен қаржыландырылатын. Бірақ ол жерде белгілі бір проблемалар болған. Сондықтан 2024 жылы ол міндетті бізге берді.
Сонда қазір өз айлығымызды ғана емес, агенттіктегі әріптестеріміздің айлығын да біздің бюджеттен төледік, - деді ол
Тимур Сүлейменов бұл мәліметтердің бәрі және себептері Ұлттық банктің жылдық есебінде жарияланатынын айтты.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы жаңа шешім қабылдады.