Ұлттық банк банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің қағидаларын бекітпек

АСТАНА. KAZINFORM — Осы жүйенің көмегімен клиенттер алушының телефон нөмірін ғана біле отырып, ақшаны басқа банктерге аудара алады. 

Банковские карты
Фото: Рүстем Айтхожин/ Kazinform

Ұлттық банк «Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасын әзірледі.

Жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру үшін әзірленді.

— Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі — бұл оңайлатылған деректемелер (телефон нөмірі және QR) бойынша нақты уақыт режимінде банкаралық клиенттік аударымдар мен төлемдерді жүргізуге мүмкіндік беретін Ұлттық банктің төлем жүйесі. Клиенттерге жүйедегі қызметтерді екінші деңгейлі банктер көрсетеді.

Қаулы жобасы жүйенің жұмыс істеу тәртібін айқындайды, қатысушы банктерге ақпарат алмасу, оңайлатылған идентификатор бойынша банкаралық ақша аударымдары мен QR-кодты пайдалана отырып төлем бойынша қызмет көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау талаптарын белгілейді, — делінген банк хабарламасында.

Осы жүйенің көмегімен клиенттер алушының телефон нөмірін ғана біле отырып, ақшаны басқа банктерге аудара алады. Кәсіпкерлер үшін банкаралық QR-кодты пайдалана отырып төлемдерді қабылдау кезінде әртүрлі банктердің бірнеше POS-терминалын орнату қажеттілігі жойылды. Сервис сатып алушыларға басқа банктердің пайдасына банкаралық QR-төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді (өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы).

Осылайша жүйені енгізу клиент мүддесі үшін банктер арасында өзара іс-қимыл тиімділігін арттырады және қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігін одан әрі кеңейтуді әрі арттыруды қамтамасыз етеді. 

Айта кетелік Ұлттық банк алаяқтықты ерте анықтау үшін жасанды интеллектіні енгізіп жатыр

Соңғы жаңалықтар