Ұлттық банк басшысы қаржы жүйесін өзгертетін басты факторларды атады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі қаржы жүйесіне геосаяси ахуал мен технологияның қарқынды дамуы көп ықпал етіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Astana Finance Days 2026 аясында айтты.
Оның сөзінше, әлемдегі геосаяси шиеленіс пен елдер арасындағы қайшылықтар саудаға ғана емес, қаржы жүйесіне де тікелей әсер етіп отыр.
– Бірінші фактор – геосаяси шиеленіс пен әлемдегі бөліну процесі. Мұны елемеу мүмкін емес. Біз Атлантиканың екі жағындағы, Солтүстік Америкадағы қайшылықтарды, әлемнің әр бөлігіндегі сауда соғыстарын көріп отырмыз. Ал қаржы әрдайым сауда және инвестициямен қатар жүреді. Сондықтан бұл процестер қаржы саласына да тікелей әсер етеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы екінші негізгі фактор ретінде жаңа технологияларды атады. Оның айтуынша, блокчейн, цифрлық валюталар және басқа да жаңа қаржы құралдары дәстүрлі қаржы жүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр.
– Қазір біз қаржы саласының жаңа ережелері қалыптасып жатқан кезеңдеміз. Цифрлық және криптоқаржыға қатысты әлемге ортақ бірыңғай талаптар әлі жоқ. Сондықтан көптеген ел дәстүрлі қаржы институттары мен нарыққа еніп жатқан жаңа қаржы құралдарының арасында дұрыс тепе-теңдік табуға тырысып жатыр, – деді ол.
Тимур Сүлейменов бұл өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің қаржы жүйесі өңірдегі ең дамыған әрі цифрландыру деңгейі жоғары жүйелердің бірі.
Сондай-ақ Қазақстан жаңа қаржы құралдарын реттеу бағытында нақты қадамдар жасап жатқанын айтты.
– Біз бұл өзгерістерді сырттай бақылап отырған жоқпыз. Қазірдің өзінде нақты ережелер қабылданды. Оның ішінде криптовалютаны саудалау, стейблкоиндарды пайдалану және нақты активтерді токендеу тәртібі бар, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.