Ұлттық банк бөліп төлеу нарығын реттеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық банкі бөліп төлеу және BNPL (Buy Now, Pay Later – «қазір сатып ал, кейін төле») өнімдері нарығын талдауға арналған пікірталас құжатын жариялап, осы саланы реттеудің ықтимал тетіктерін талқылауды ұсынды.
Ұлттық банк нарық қатысушыларын қазіргі тәжірибелерді, ықтимал тәуекелдерді және оларды азайтуға бағытталған реттеу шараларын талқылауға шақырды.
Қазір Қазақстанда бөліп төлеу тәсілі күнделікті тұтыну тауарларынан бастап автомобиль мен жылжымайтын мүлік секілді қымбат тауарларды сатып алуға дейін кеңінен қолданылады.
Ұлттық банк бөліп төлеу формалды түрде төлем тәсілі болғанымен, сатып алушы үшін белгілі бір қаржылық міндеттемелер туғызатынына назар аударды.
Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынатын бөліп төлеу өнімдерімен қатар қаржылық емес ұйымдардың да осыған ұқсас қызметтері кеңінен тарала бастаған. Олардың қатарына BNPL-провайдерлер арқылы жасалатын мәмілелер, сатушылардың тікелей бөліп төлеуі және кейіннен сатып алу құқығымен жалға беру тетіктері кіреді.
– Мұндай тетіктер төлемді бірнеше бөлікке бөліп, тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу өнімдеріне қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қолданылмайды. Бұл халықтың қосымша борыштық жүктемесінің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Негізгі міндет – қызметтердің қолжетімділігін сақтай отырып, осы тәуекелдерді барынша азайтатын тетіктерді әзірлеу, – делінген Ұлттық банк құжатында.
Осыған байланысты реттеуші нарықтың мүдделі қатысушыларынан пікірталас құжатында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар мен пікірлер қабылдайды.
Құжатты қоғамдық талқылау сегіз аптаға созылады. Пікірлер мен ұсыныстар 2026 жылғы 3 қарашаға дейін қабылданады.
Пікірталас құжаты Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланған.
Айта кетейік, Ұлттық банк экономиканың банктерге тәуелділігін азайтуды көздеп отыр.