Ұлттық банк қазан айында Ұлттық қордан 600–700 млн доллар сатуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қыркүйектің қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 549,07 теңгеге дейін 1,9%-ға әлсіреді. Қазақстанның қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 217 млн АҚШ долларынан 248 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,2 млрд АҚШ доллар болды. 

Ұлттық банк қазан айында Ұлттық қордан 600–700 млн доллар сатуды жоспарлап отыр
Коллаж: Kazinform/Pexels

— Қыркүйекте Ұлттық қордан 500 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының инфрақұрылымдық жобасын қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 9%-ын немесе бір күнде шамамен 24 миллион АҚШ доллар болды, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Күтілетін фискалдық түсімдерді ескергенде, Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша қазан айында республикалық бюджеттен трансферттер бөлу үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларынан 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық банк 2025 жылдың басынан бері отандық өндірушілерден алтын сатып алу операцияларын теңестіре бастады. Қыркүйекте 290 млрд теңге алынды.

— Сонымен қатар алтын бағасының айтарлықтай өсуі кезінде айналау аясында өтімділікті алу көлемі алтын сатып алу операцияларына байланысты теңге эмиссиясы көлемінен артта қалып отыр. Осы жылдың басынан бері жинақтап алынбаған өтімділікті ескере отырып, айналау операциялары аясында IV тоқсан ішінде 1,4 трлн теңгеге балама сомада шетел валютасын сату жоспарда бар.

Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ айналау тетігін іске асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді.

Ұлттық банк қыркүйек айында валюталық интервенция жүргізген жоқ, — делінген хабарламада.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 378 млн АҚШ доллар болды.

БЖЗҚ валюта активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық банк қыркүйекте зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Қазанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.

— Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығындағы барлық операция туралы толық ақпаратты жариялап отырады. Қысқамерзімді перспективада теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтуіне, тоқсан сайынғы салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси өзгерістерге байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады, — делінген банк хабарламасында. 

Айта кетелік Ұлттық банк қазақстандық үш банкпен бірлесіп банкаралық QR-төлемдер сервисін іске қосты

Соңғы жаңалықтар