Ұлттық банк крипто-карта және цифрлық активтер бойынша пилоттық жобаларды бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк Алматыда Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында банктер, криптобиржа мен финтех-компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметінен мәлім етті.

Национальный банк Казахстана Қазақстан Ұлттық банкі
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Іс-шара барысында токенизация мен цифрлық активтерге негізделген инновациялық қаржылық сервистерді іске қосу жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ цифрлық активтерді елдің қаржы жүйесіне интеграциялау және оны реттеу ісін одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

— Жиында «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында цифрлық активтер қызметін көрсететін лицензияланған провайдерлердің (криптобиржалардың) әмияндарына байланған «крипто-карта» жобасын жүзеге асыру тетігі іске қосылды. Бұл төлем карталары тұтынушыға кез келген қолма-қол ақшасыз операцияларды (онлайн және терминал арқылы төлем, қолма-қол ақша шешу және т. б.) орындауға мүмкіндік береді. Аталған шешім цифрлық активтердің айналымын қолданыстағы төлем инфрақұрылымына қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде біріктіруге жол ашады, — деп атап өтеді Ұлттық банктен.

Айта кетейік, биыл Ұлттық банктің үйлестіруімен нарық қатысушылары цифрлық активтер саласында бірқатар мынадай пилоттық жобаны жүзеге асырмақ:

— цифрлық активтер бойынша есеп айырысуда қолданылатын, ұлттық валютамен (оның ішінде цифрлық теңгемен) қамтылған стейблкоиндарды шығару;
— қаржы активтері мен жылжымайтын мүлікті токенизациялау және бағалы қағаздарға теңестірілген токендерді шығару;
— цифрлық қаржы активтерінің базалық қамтамасыз етілуін есепке алу және сақтау жүйелерін ұйымдастыру;
— криптоактивтермен айырбастау және сақтау сервистерін дамыту;
— өзге де инновациялық қаржы сервистері.

Ұлттық банк аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кепілсіз цифрлық активтердің айналымын кеңейтуге және цифрлық қаржы (қамтамасыз етілген) активтері үшін реттеуші база қалыптастыруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер жобасын әзірлеген.

Бұдан бұрын Ұлттық банк мамырда Ұлттық қордан 988 млн доллар сатқаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар