Ұлттық банк мамырда Ұлттық қордан 988 млн доллар сатқан

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк мамырда Ұлттық қордан  988 млн доллар сатқан. Бұл сәуір айының көрсеткішінен 20 млн доллар көп.

доллар
Фото: pexels.com

– Мамырда Ұлттық қордан 988 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 22%-ын немесе күніне шамамен 52 млн АҚШ долларын құрады, - деп жазады Ұлттық банктің ресми сайты.

Ал маусым айында Ұлттық қордан тағы 800 млн доллар сатылуы мүмкін. Үкімет Ұлттық банкке республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін 700-800 млн доллар көлемінде валюта сату туралы өтінім берген. 

Сондай-ақ Ұлттық банк ішкі нарықтан Ұлттық қорға жинақталған доллармен 213 млрд теңге сатып алып, бюджет шығыстарына бағыттаған (айналау операциясы – ред.). Маусым айында да дәл осындай көлемде айналау операциясын орындамақ. 

– Ұлттық Банк БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40% деңгейінде ұстап тұру үшін мамырда биржадан жалпы сомасы 250 млн доллар сатып алды. Осы мақсатта маусым айында валюта сатып алу көлемі 250 млн доллардан аспайды, - деп жазады Ұлттық банк мамандары.

Еске салсақ, бір ай бұрын Ұлттық банк мамыр айында Ұлттық қордан 1 млрд доллар сатуы мүмкін екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар