Ұлттық банк «Сақ стилі» жаңа банкноттар сериясын айналымға енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық Банк кезең-кезеңімен «Сақ стилі» элементтеріне негізделген жаңа банкноттар сериясын айналымға шығара бастады. Жаңа үлгідегі ақша белгілері теңгенің қорғаныс деңгейін арттыруға, сондай-ақ елдің мәдени мұрасы мен тарихын дәріптеуге бағытталған. Бұл туралы Kazinform агенттігіне Ұлттық банктен мәлім етті.
Бүгінде айналымға 10 000, 5 000, 2 000 және 1 000 теңгелік банкноттар енгізілді. Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллельді айналым мерзімдері мынадай:
• 2 000 теңгелік банкноттар – 2026 жылдың 24 маусымына дейін;
• 10 000 теңгелік банкноттар – 2026 жылдың 27 маусымына дейін;
• 1 000 теңгелік банкноттар – 2027 жылдың 27 наурызына дейін.
Сондай-ақ 2025 жылдың төртінші тоқсанында 500 теңгелік жаңа үлгідегі банкнотты шығару жоспарланып отыр. Ал 20 000 теңгелік банкнот 2026 жылы айналымға енгізіледі.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік банкнот шығарған.