Ұлттық банк төлем операцияларында алаяқтыққа қарсы жаңа кодтар мен шараларды енгізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық банкі төлемдер мен мобильді аударымдарға қатысты жаңа қағидаларды әзірледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 5 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Құжатқа сәйкес, төлем тағайындау кодтарының тізбесі кеңейтіліп, жаңа кодтар енгізіледі. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлер үшін «332» коды қолдануға рұқсат берілмек. Ал ұлттық цифрлық валютамен жүргізілетін операциялар үшін «196», «197», «198» және «199» сияқты жеке кодтар қарастырылған.
Сонымен қатар «113» және «114» кодтарын мақсатты жинақтар бойынша төлемдерге кеңінен қолдану ұсынылып отыр. Бұл қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге және уәкілетті оператор мен банктер арасындағы аударымдар кезінде үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғауға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк сондай-ақ банкаралық төлем карталары жүйесінің жұмыс қағидаларын жаңартуды жоспарлап отыр. Өзгерістер қамтамасыз ету сомасын пайдалану тәртібіне, «овердрафт» түріндегі қарыз беру шарттарына, сондай-ақ есеп айырысу жүйесіндегі «KASE» клиринг орталығының рөліне қатысты.
Бұдан бөлек, банктер арасында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жүйесін күшейту мақсатында банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне де өзгерістер енгізіледі. Төлем хабарламаларында қолданылатын деректер тізбесі нақтыланып, банктер алмасатын ақпарат құрамына қосымша талаптар қойылмақ.
Ұлттық банк өкілдері бұл жоба Конституция мен Қазақстанның Цифрлық кодексіне сәйкестендіру мақсатында редакциялық түзетулерді де қамтитынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің шекті деңгейін енгізуді жоспарлап отырғанын жазғанбыз.