Ұлттық банк Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік банкнота шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота айналымға шықты. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік банкнота шығарды
Фото: Ұлттық банк

— Қазақстан Ұлттық Банкі Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген, — делінген хабарламада.

9 мамыр — бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен — 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр.

Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік банкнота шығарды
Фото: Ұлттық банк

Мерейтойлық банкнотаның дизайны туралы

Банкноталардың түсі — қоңыр-сарғылт.

Алдыңғы бетінде:

— Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі — 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.

— Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті — жақсылық пен үміттің бейнесі — өмірді суреттейді.

Екінші бетінде:

— тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Суреттерді www.kfdz.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынды.

— ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.

Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.

Бұған дейін хабарланғандай, алтын құймалар енді көне петроглифтер бейнеленген дизайнда шыға бастады.

Соңғы жаңалықтар