Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы «Жасанды интеллект дәуірі: ІІ Жас зерттеушілер форумы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойымен, Академияның құрылған күні — 1 маусыммен және Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді.

Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді
Фото: ҰҒА

Бұл форум ғылымға, зерттеу мен инновациялық қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын біріктіретін бірегей алаңға айналды. Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев, Академияның экс-президенттері, құрметті академиктер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, еліміздің жетекші ғалымдары, жас зерттеушілер мен білім саласының мамандары қатысты.

Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді
Фото: ҰҒА

Форумның басты мақсаты — еліміздің 13 өңірінен, соның ішінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан келген 385 дарынды оқушының ғылыми ізденістерін қолдау, жасанды интеллект және заманауи технологиялар бағытындағы жобаларын таныстыру, оқушылар арасында ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыру болды.

Академия президенті А. Күрішбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды жасанды интеллект пен цифрландыру жылы деп жариялауы ғылым саласына жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті.

Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді
Фото: ҰҒА

— Қазіргі таңда академия отандық ғылым саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстың негізгі басымдықтарының бірі — жастарды ғылымға тарту, ғылыми кадрларды даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру. Академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі мен Жас зерттеушілер академиясының құрылуы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бүгінгі оқушылардың ғылыми әзірлемелерінің көрмесі жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, — деді Ақылбек Күрішбаев.

а
Фото: ҰҒА

Форумда оқушылар өздерінің ғылыми және инновациялық жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілер жасанды интеллект, цифрлық білім беру платформалары, машиналық оқыту, робототехника, биомедицина, энергетика, экологиялық технологиялар және басқа да өзекті бағыттар бойынша әзірлеген жобаларын ұсынды.

Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді
Фото: ҰҒА

Атап айтқанда, форумда «Қаныш Сәтбаев мұрасы және жас ұрпақ», балаларға арналған нейрожүйе конструкторы, жасанды интеллект негізінде астероидтық қатерлерді ерте анықтау жүйесі, жүрек-қантамырлар ауруларының қаупін машиналық оқыту модельдері арқылы болжау, KazLib білім беру платформасы, микробтық отын элементтерін ЖИ көмегімен модельдеу, Arduino UNO базасында өрт сөндіргіш робот жасау сынды жобалар таныстырылды.

Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді
Фото: ҰҒА

Сонымен бірге, Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктері мен шетелдік мүшелері ғылыми қауымдастыққа ресми таныстырылып, дипломдары мен төсбелгілері табысталды. Бұл рәсім жас зерттеушілер мен ғылым корифейлері арасындағы сабақтастықты нығайтып, ғылымдағы буынаралық байланыстың маңызын айқындады. Оған қоса ҚР ҰҒА 80 жылдық мерейтойлық төсбелгілері табысталып, ғылымды дамытуға, ғылыми кадрларды даярлауға және отандық ғылыми әлеуетті нығайтуға елеулі үлес қосқан ғалымдар марапатталды.

Ұлттық ғылым академиясы жас зерттеушілер форумын өткізді
Фото: ҰҒА

Форум аясында жас зерттеушілердің ғылыми жобалары, баяндамалары және шығармашылық жұмыстары бағаланып, үздік қатысушылар марапатталды. Сондай-ақ ғылыми-фантастикалық комикстер конкурсының жеңімпаздары мен «Жас Қаныш» республикалық оқушылар байқауының жүлдегерлері аталды.

Айта кетейік, бүгін еліміздің әр өңірінен келген 100 оқушы Ақорданы аралады. Олардың арасында пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары, шығармашылық байқаулардың және спорт сайыстарының лауреаттары бар.