Ұлттық госпитальде ай сайын 40-тан астам эндопротездеу отасы жасалады

АСТАНА. KAZINFORM — 20 мамыр — Дүниежүзілік травматолог күні. Осы күнге орай Ұлттық госпиталь мамандары буын ауруларының алдын алу және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын еске салды.

травмотология
Фото: Ұлттық госпиталь

Мекеменің баспасөз қызметі хабарлағандай, соңғы жылдары заманауи травматология тірек-қимыл жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.

Бүгінде дәрігерлер буындарды эндопротездеу бойынша жоғары технологиялық оталарды сәтті жүргізіп, науқастардың өмір сапасы мен қимыл белсенділігін қалпына келтіріп жатыр.

Ұлттық госпитальде емдеудің заманауи тәсілдері мен хирургиялық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Травматология бөлімшесінің соңғы жетістіктерінің бірі некроз кезінде жамбас буындарын емдеуге арналған SVF-терапиясының өзіндік әдістемесінің әзірленуі.

Травматология бөлімшесі госпитальдегі ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала береді. Мамандар ай сайын 40-тан астам ота жасайды. Оның басым бөлігін тізе буындарын эндопротездеу оталары құрайды. Алдағы жаз мезгілінен бастап оталардың бір бөлігін роботтандырылған технологиялардың көмегімен жүргізу жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, бүгінде буын аурулары тек егде жастағы адамдарда ғана емес, еңбекке қабілетті азаматтар арасында да жиі анықталады. Бұған қозғалыстың аздығы, шамадан тыс физикалық жүктеме, артық салмақ және тірек-қимыл жүйесінің жағдайын тұрақты бақыламау себеп болып отыр. Дәрігерлер уақытылы диагностика көптеген ауруды ерте кезеңде анықтауға және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Травматология бөлімшесінің дәрігері Асхат Қабдешовтің айтуынша, буын ауруларының негізгі себептерінің бірі физикалық жүктеменің біркелкі болмауы және алдын алу шараларына жеткілікті көңіл бөлінбеуі.

Асхат Қабдешов
Фото: Ұлттық госпиталь

— Тізе буындары шамадан тыс әрі теңгерімсіз жүктемеге өте сезімтал келеді. Қозғалыс аз өмір салты, кенеттен болатын белсенді физикалық жүктеме, қарқынды жаттығулар және дайындықсыз ұзақ күш түсу буындардың жағдайына кері әсер етуі мүмкін, — деді маман.

Дәрігер ауырсыну, жайсыздық немесе қозғалыстың шектелуі байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай мамандарға қаралу қажеттігін және өз бетінше емделмеу керектігін айтты.

Асхат Қабдешовтің сөзінше, алдағы жылдары травматология саласы қарқынды дами береді. Болашақтағы негізгі бағыттардың қатарында протездеу технологияларын жетілдіру, 3D технологиялары арқылы дайындалатын жеке импланттарды қолдану және роботтандырылған хирургияны одан әрі дамыту бар.

Осыдан бұрын ҚР ПІБ Медициналық орталығының ұлттық госпиталі JCI аккредиттеуінен өткенін жазғанбыз.