Ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, үнемі киіп жүрген дұрыс – ісмер

ОРАЛ. KAZINFORM — Оралдық ісмер Ләззат Шағатай Kazinform тілшісіне берген сұхбатында ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, үнемі киіп жүру керектігін баса айтты. 

ұлттық киім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Ләззат Ғиниятқызы, біз сені бұрын журналист ретінде жақсы білетін едік. Газет үйреншікті жұмыс емес пе еді? Бұдан кетіп, өз кәсібіңді ашуға не себеп болды?

- Жалпы әйел затының өмірге көзқарасы ауыспалы келеді ғой. Әсіресе, сәбилі болып, ана атанғаннан кейін оның өмірлік құндылықтары түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Маған да осындай жағдайлар әсер еткені сөзсіз. Ұл-қызым дүниеге келгеннен кейін мені олардың тәрбиесі көбірек алаңдата бастады. Мен оларға не бере аламын, не үйрете аламын? деген сұрақ күн сайын көкейімде тұратын. Сөйтіп біраз уақыт өз алдына ізденіс үстінде жүрдім. Әрине, бауыр басып қалған ұжымнан, орнығып қалған орныңнан біржола қол үзіп кету оңай емес. Жалпы, облыстық «Орал өңірі» газетінде тілші болу менің маман ретінде шыңдалып, өңірге әжептәуір танылуыма оң ықпалын тигізгені рас. Ұзын ырғасы 15 жылға жуық еңбек қылған, ел мен жұртқа таныстырған, абырой берген, нанымды тапқан журналист деген мансабымды бір-ақ күнде бір ғана шешіммен бел ортасынан үзу жоспарсыз жасалған қадам емес. Бұл қадамға бес жылдай дайындалдым. Сөйтіп жылдар бойы маза бермеген ойлар мен идеяларымды жүзеге асыру үшін екі жыл бұрын нар тәуекелге бел буып, журналистикадан жеке кәсіпке қарай ауыстым. Ішкі жан-дүниемнің қалауы осы болды. Марқұм әжем он саусағынан өнер тамған өте шебер кісі болатын. Тоқыма киімдерді шебер тоқитын. Анам да тігіншіліктен алыс емес. Шағын ғана іс машинкасымен бәрімізді өз қолымен киіндіретін. Сол қанда бар қасиет болғасын ба, осы қолөнер мен тігіншілік саласы маған жақын болды. Сондықтан кәсіпті осы жаққа бұруды жөн санадым. Егіншіден бұл сала сан алуан тармақты қамтиды ғой, әмбебап десе де болады.

ұлттық киім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қазіргі кезде ұлттық киім тігумен айналысып жүрсің. Бұл табыс көзі ме, әлде хобби ме?

- Алғашында қолымды жаттықтыру үшін күрделілігі жағынан оңай заттарды тіге бастадым. Соның ішінде заманауи ас үй жабдықтары, дастархандар, сулықтар, майлықтар, түрлі жабындарды тігіп бастадым. Кейін қол сөмкелер, балалар мен ересектерге арналған баскиімдер, футболкалар тіге бастап, оларға ұлттық нақышта ою бастырып, қазақы үлгімен ұлттық нақышта заманауи түр беруге тырыстым. Біздің ұлттық нақыштағы киім үлгілеріне сұраныстың көптігін байқадым. Алғашында хобби ретінде қызығушылықпен басталған ісіме сұраныстың барын байқап, жаймен кәсіпке айналдыруды көздедім. Сөйтіп осы салада ілім-білім іздеп, нарықты зерттеп, кәсіпке бет бұрдым. Өзімнің жаныма жақыны қазақы нақышы бұзылмаған, біздің ұлттық киімдерімізді заманға сай әрлеп, басқаша әдіспен көпшілікке ұсынуым бірден көпшіліктің ықыласына бөленеді деп ойламағанмын. Шүкір, әрекетке берекет деген. Қазір бір кездері тек қана хоббиім саналған бұл сала қазір менің кәсібіме айналды.

- Соңғы жылдары ұлттық киім кию сәнге айнала бастағандай. Әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде жақсы үрдіс болуда. Бұған өз үлесіңді қалай қосып келесің?

- Мен ұлттық киімдердің тек бір реттік, сахнаға ғана арнап тігілген, мейрамдарға ғана киіп шығуға арналғанын құптамаймын. Олар заманмен бірге түрленіп, біздің қоғамға түбегейлі сіңіп кеткенін қалаймын. Ұлттық киім ол біздің дәстүріміз, тіліміз, дініміз, өткеніміз бен бүгінімізден хабар беретін ұлттық кодымыздың бір бөлшегі ғой. Ол міндетті түрде шапан, камзол, кәжекей болуы шарт емес. Күнделікті футболкалар мен бас киімдеріңе, спорттық киімдерге, жейделер мен көйлектерде оюдың бір-екі элементінің болуы да жеткілікті. Сондықтан кез келген той-жиындар мен қарапайым отырыстарға үстіңе шапаныңды жаппай-ақ, әдемі ою салынған кез-келген киіммен барсаңыз да болғаны. Қазір оюдың элементтерін орынды-орынсыз қолдану да жиілеп кетті. Мұны тоқтату керек. Кейбір тігіншілер құрақ көрпеге арналған маталардан мектеп оқушыларына жейделер тігіп жүр. Көрер көзге тіпті ерсі көрінеді. Екіншіден, қазір сәндегі киім деп, этно стиль деп өздеріне қарай бұрып, белінен аспайтын, кіндігі жабылмайтын, бір иығы түгел жоқ кәжекейлер мен корсеттерді мектеп оқушыларына кидіру қаншалықты дұрыс? Бұл ұлттық киімдерімізді насихаттау, қолдау емес, керісінше мазақ ету, қорлау деп білемін. 
Осындай жағдайларды бұрын-соңды көзбен көріп жүргендіктен, сол олқылықтардың орнын толтырғым келіп, тек ересектерге ғана емес, мектеп оқушыларына да арнап шапан жамылғылар тіге бастадым. Кәнігі шапан негізінде кез келген мектеп формасымен үйлесе кететін, жас ерекшеліктеріне сай үлгіде тігуді ұйғардым.

ұлттық киім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жаһандану заманында шет елден ұлттық тәрбиемізге жат ғадеттер еніп жатқаны белгілі. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады деп ойлайсың? Жалпы, ұлттық тәрбиеде бізге не жетіспейді? "Қызға қырық үйден тыйымға" қалай қарайсың? Ана ретінде өз ұл-қызымды қалай тәрбиелеп жүрмін деп ойлайсың?

- Салттың да, дәстүрдің де, ырымның да, тыйымның да озығы мен тозығы болады. Қызға қырық үйден тыйым дегеннің дәурені өтті деп ойлаймын. Қазір қыздарға қырық үйден қолдау керек керісінше. Балалар мен әйелдер арасында зорлық-зомбылықтың күшейіп тұрғаны, көп жағдайда фактілерді жасырып қалу оқиғалары осы «тыйымның» тым көп болып кеткенінен бе деп те ойланып қаламын. Өйткені ананы айтсам, ұят болады, мынаны айтсам, әке-шешеме ұят келеді, елдің бетіне не деп қараймын деген сынды сылтаулардың кесірінен қазіргі таңда отбасындағы зорлық жағдайлары тым жиілеп кетті. Педофил тұрмақ, туған әкесі мен ағасына зорланып қалып жатқан қыздар қазір көбейіп барады. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта біздің қыздарға тыйымнан гөрі, ата-ана тарапынан көп қолдау жетіспейді. Үйінен жылу көрмеген, қорған көрмеген қыздан сіз не күтесіз? Ұрпақ тәрбиесі тұтас ұлттың тәрбиесі ғой. Қыздар – біздің болашағымыздың айнасы. Олар бүгін қандай тәрбие алады, жемісі сондай болады. Қыздарымызды ардақтайық, аялайық!

бала
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Әңгімеңе рахмет. Ұлттық киім күні құтты болсын!

ұлттық киім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
ұлттық киім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар