Ұлттық компаниялардың мемлекетке төлейтін дивиденді неге азайтылды — Премьер жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутатының сұрағына жауап бере отырып «Самұрық-Қазына» бастаған ұлттық компаниялардың мемлекетке аударатын дивидендтері неге азайып кеткенін түсіндірді.

Депутаттың мұндай сұрақ қоюына биыл қабылданған шешім түрткі болып отыр. Жаңа Бюджет кодексінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өзіне еншілес ұлттық компаниялардан түскен дивидендтердің кемінде 50 пайызын мемлекетке аудару керектігі көрсетілген. Бір қызығы, қордың алдағы үш жылда мемлекетке аударатын дивиденді осы шешім қабылдағанға дейін аударып келген ақшасынан аз болғалы тұр. Олжас Бектенов Үкімет қордың бүкіл қаржы операциясын бақылап отырғанын, сондықтан бұл тенденцияға алаңдамауға болатынын айтты.
— Ұлттық компаниялар жұмсайтын, яғни экономикаға құйылатын қаражаттың ашықтығы туралы мәселе барлық жағынан заңнамамен қамтамасыз етілген деп ойлаймыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл қабылданған жаңа Бюджет кодексіне дивиденд төлеуден алынатын үлес әрбір ұлттық компаниядан кемінде 50 және 70%-ға дейін болуы тиіс деген норма енгізілген. Бұрын бұл норма жоқ еді. Бұл шектік меже Үкіметтің қаулысымен белгіленді. Біз мұны ашықтыққа, есеп беруге, ұлттық компаниялардың қаражатын жұмсауға Парламент тарапынан қадағалауды арттыруға жасалған елеулі қадам деп санаймыз, — дейді ол.
Үкімет басшысы ұлттық компаниялардың иелігінде қалатын қаражаттар ашық түрде жұмсалатынына сенімді екенін айтады.
— Сіз айтып отырған нақты сомаларға келсек, шын мәнінде, бұл сома — мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтердегі айырмашылық, ол «Самұрық-Қазына» қоры есебінен қалыптасып отыр. Мен бұл ретте бірқатар цифр келтіргім келеді. Қор, негізгі мемлекеттік даму институты ретінде, 53 трлн теңгеге бағаланатын өте ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл үлкен сома. Әрине, Қор осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсап қана қоймай, нарықтан да қарыз алуға мәжбүр, бұл қалыпты жағдай деп санаймыз, — деді Олжас Бектенов.
Оның пайымдауынша, «Самұрық-Қазына» өзіндегі ақшаны инвестициялық бағдарламадан бөлек әлеуметтік жобаларға жұмсап жатыр. Басқаша айтсақ, табысының бір бөлігі бюджетке тікелей түспегенімен, әлеуметтік жобалар арқылы ел игілігіне жарап жатыр.
— Мысалы, өңірлерде тек денсаулық сақтау нысандарын салудың өзіне 550 млрд теңге бағытталып отыр, ал еліміздің барлық өңірінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд теңге бөлінген. Бұл дегеніміз — өте маңызды инвестициялар, сондықтан да мен айтқан факторларды ескере отырып, «Самұрық-Қазына» қорының дивидендтері бойынша қабылданған шешімдер бір негізге сүйенген және жан-жақты қарастырылған деп есептейміз, — деді Премьер-министр.
Еске салайық, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қабылданды.