«Ұлттық қор – балаларға»: СҚО-да жастар қаражатты негізінен тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылғалы Солтүстік Қазақстан облысында 6 мың жас қолдауға ие болды.

ұлттық қор
Фото: Kazinform

Отбасы банктың облыстық филиалының мәліметінше, бұл жоба жастарға білім алуға және тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама басталғалы өңірде тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты 3 981 өтініш қабылданған. Соның нәтижесінде азаматтардың есепшоттарына шамамен 650 мың доллар аударылды. Ал білім беру бағыты бойынша 2 мыңнан астам өтініш түсіп, 280 мың долларға жуық қаражат төленген.

Мамандардың айтуынша, жоба аясында 2006 жылы және одан кейін туған балаларға Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын аударылып отырады. Бұл қаражат балалар кәмелет жасына толған кезде қолжетімді болады және оны білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға мүмкіндік беріледі. Биыл балалардың есепшотында жиналған қаражат 370 АҚШ долларына жетті.

Бұған дейін 2026 жылы ел бойынша бағдарламаға 6 млн 918 мың адам қатысып, оның ішінде 356 613 адам 18 жасқа толғанын жазған едік.