Ұлттық қордың валюталық активтері $65,5 млрд-қа жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық қорының валюталық активтері 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 65,5 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш екінші тоқсанда 3,1 млрд долларға өсті, деп хабарлайды Kazinform Қазақстан Ұлттық банкіне сілтеме жасап.

Нацбанк Казахстана, ҚР Ұлттық банкі
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Қазақстан Ұлттық банкінің басқармасы 2026 жылдың екінші тоқсанындағы Ұлттық қор активтерін сенімгерлік басқару нәтижелері туралы есепті бекітті. Сондай-ақ ақша және валюта нарығындағы ахуал туралы баяндама тыңдалды.

Есепті кезеңде Ұлттық қор активтерінің кірістілігі 2,92 млрд доллар болды.

Ұлттық банктің мәліметінше, қордың инвестициялық нәтижесіне геосаяси шиеленістің бәсеңдеуі, технологиялық сектордың өсуі және әлемдік қор нарықтарының қалпына келуі әсер етті. Бұған қоса, жаһандық облигациялар нарығы қалыпты қарқынмен өсті. Ал мұнай мен алтынды қоса алғанда, шикізат бағасы төмендеді.

Ұлттық банк басқармасы Қазақстанда валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Жаңа нормалар заңды тұлғалардың қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу тәртібін жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар Ұлттық банк басқармасының бірқатар қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұл құжаттар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына, Цифрлық кодекске және басқа да заңдарға сәйкестендірілді.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Ұлттық қордың валюталық активтері 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаятынын айтқан болатын.

Осыған дейін Қазақстан Ұлттық банкі отандық рейтинг агенттігінің құрылтайшысы болатыны туралы жаздық.