«Ұлттық мүдде — бірінші орында»: Ерлан Қарин Тоқаевтың Берлиндегі мәлімдемесіне тоқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлиндегі мәлімдемесіне тоқталып, ұлттық мүдде, тұрақтылық пен бейбітшілік Қазақстанның басты басымдығы екенін атап өтті.
— Кеше Берлиндегі баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Көптеген өткір тақырыптарға қатысты өзінің ойын ашық жеткізіп, еліміздің ұстанып отырған позициясын кеңінен түсіндірді. Осы видео сол жиындағы мәлімдемелердің түйінді тұжырымы сияқты көрінеді. Президент үшін ұлттық мүдде бірінші орында екенін анық жеткізді. Қазақстанның дамуы үшін ең алдымен қажетті алғышарт тұрақтылық пен бейбітшілік екенін айта отырып, осы жолда Мемлекет басшысы ретінде бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді, — делінген жазбада.
Вице-президенттің сөзінше, Президенттің тұлғалық болмысы да, жүргізіп отырған саясаты да осы жауапта жатыр.
— Сондықтан, еліміздің барлық мақсаттарға, болашақ жетістіктерге қол жеткізуі үшін тұрақтылық пен бейбітшілік керек екенін естен шығармайық, — деді ол.
Ерлан Қарин бұған дейін Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін әскерде қандай өзгерістер болатынын айтқан еді.