Ұлттық музейде 500-ден астам отандық монеталар көрмесі өтті
ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстанды монеталар арқылы таны» көрмесі ашылды. Экспозиция ұлттық валюта – теңгенің енгізілгеніне 30 жыл толуына орайластырылған, деп хабарлайды Kazinform.

Көрме экспонаттары елдің қалыптасуы мен дамуын суреттейтін негізгі мәдени, саяси және тарихи кезеңдерді қамтиды және халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрін көрсетеді.


Келушілер алтыннан, күмістен, сондай-ақ бағалы емес металдардан жасалған 500-ден астам түрлі монеталармен танысты. Оларды дайындау кезінде жаңа технологиялар қолданылған. Сонымен қатар, экспозицияға халықаралық байқауларда орын алған, салмағы 2 келі сирек кездесетін ірі монеталар қойылды.

«Шараның негізгі мақсаты – «Сақ стилі» банкноталары мен KOKBÓRI инвестициялық монеталарының жаңа сериясын көпшілікке таныстыру, банкноталар мен монеталар шығару саласындағы Қазақстанның жетістіктерін көрсету болды. Көрмеде ұлттық валютаның жаңа банкноттық сериясы ұсынылды. Ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап заманауи Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді», - деп жазылған ҚР Ұлттық банкінің хабарламасында.

Сондай-ақ экспозицияда Ұлттық банк дизайнерлері KOKBÓRI инвестициялық монеталарының ребрендингі туралы айтып берді. Ұлттық нақыш элементтері қамтылған бірегейлік пен дизайнерлік шешім KOKBÓRI монеталарына инвестициялық құрал ретінде ғана емес, коллекциялау мен сыйлық ретінде де қызығушылықты арттыруға көмектеседі.

