Ұлттық музейдің жаңа залына Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері қойылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы ерекше кезеңдердің біріне арналған «Жошы ұлысы – Алтын Орда» экспозициялық залы жұмыс істеп тұр.
Экспозициялық залдың салтанатты ашылуы 2026 жылдың 20 ақпанында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен өткен болатын.
Мұра мен сабақтастық
«Жошы ұлысы – Алтын Орда» залының басты мақсаты – музейге келушілерге ортағасырлық мемлекеттің тарихы мен мәдениетін таныстыру және оның Қазақстан тарихындағы орнын айшықтау. Экспозиция сол дәуірдің бай тарихи-мәдени мұрасын паш ете отырып, Қазақстан ұлы державаның тікелей мұрагері екенін көрсетеді.
Көрмені әзірлеу барысында тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Өскенбай бастаған ғалымдар тобы нақты деректерге сүйенген. Тарихшылар Жошы ұлысы мен Қазақ хандығының арасындағы ажырамас байланысты дәлелдеп отыр. Алтын Орда қазіргі Қазақстан аумағының басым бөлігін алып жатты, ал мемлекет ыдырағаннан кейін бұл аймақ Қазақ хандығы бастаған жаңа мемлекеттердің негізіне айналды.

Жәдігерлер тарихтан сыр шертеді
Залға кірген бойда қонақтардың назарына Жошы ұлысының үлкен картасы ұсынылады. Шыңғыс хан дүниеден өткен соң, ұлан-ғайыр аумақ оның төрт ұлына бөліп берілді. Ең үлкен үлес Жошыға тиді. Бұл иелік Дешті Қыпшақ даласын толық қамтып, оңтүстікте Сырдарияның орта ағысынан солтүстікте Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін, батыста Дунайдан шығыста Ертіс өзеніне дейінгі алқапты алып жатты.
Экспозицияға музей қорындағы 200-ге жуық жәдігер қойылған. Олардың барлығы Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Коллекцияның басым бөлігі Ұлытау және Алматы облыстарынан әкелінген. Әр жәдігер туралы мәлімет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған.


Көлемі 370 шаршы метрді құрайтын зал үш тақырыптық бөлімге бөлінген:
– «Қала мәдениеті» бөлімі: Мұнда XIII–XIV ғасырлардың тұрмыс-тіршілігін, саяси құрылымы мен материалдық мәдениетін сипаттайтын тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар және сирек кездесетін олжалар қойылған.
– Сүйек пен жібек: Алматы облысының Шеңгелді ауылы маңынан табылған Шағатай ұлысы ақсүйектерінің жібек киімдері мен салтанатты киім үлгілері келушілерді ерекше қызықтырады.
– Жібек матаны сақтап қалу өте қиын, ол тез бүлінетін материалдар қатарына жатады. Сондықтан Ұлттық музейдегі бұл жәдігерлер археологиялық тұрғыдан бірегей құндылыққа ие. Мата бетіндегі жан-жануарлар бейнесі мен гүл тектес өрнектер сол замандағы ақсүйектердің осындай қымбат бұйымдарды тұтынғанын растайды. Жібекпен бірге алтын және күміс әшекейлер, белдік жапсырмалары, алтын сырғалар мен тостағандар табылды. Бұл бұйымдар орта ғасырдағы металлургияның жоғары деңгейін және сауданың дамығанын көрсетеді, - дейді музей қызметкері Әлішер Талғатұлы.


Сондай-ақ коллекцияның біраз бөлігі - 1990–2000 жылдары табылған ортағасырлық тиындар. Ондағы жазулар арқылы ақшаның қай жерде соғылғанын, билеушінің есімін және шыққан жылын анықтауға болады.


Әскери өнер мен мемлекеттік құрылым
«Алтын Орданың әскери өнері» бөлімінде жауынгерлердің сауыт-саймандыры мен қару-жарақ сынықтары – жебе ұштары, қылыштар мен сол дәуірдің әскери қуатын айқындайтын басқа да заттар бар.
Мемлекеттік құрылымға арналған жеке бөлімде Алтын Орданың басқару жүйесі, билеушілер шежіресі және Қазақ хандығымен арадағы тарихи сабақтастық баяндалады. Сондай-ақ залда Ұлытау өңірінде орналасқан Жошы хан және Алаша хан кесенелерінің макеттері қойылған.


Заманауи технологиялар
Тарихи жәдігерлер заманауи технологиялармен – сандық карталармен, фото-видео материалдармен және жасанды интеллект негізіндегі мультимедиялық контентпен толықтырылған.

Музейге келушілер Алтын Орда мен Қазақ хандығы туралы қысқаметражды фильмдерді үш тілде тамашалай алады. Бұл тарихты тану процесін қызықты әрі көрнекі ете түседі. Сонымен қатар экспозицияда музей қорында жоқ жәдігерлерді көрсету үшін 3D-витриналар қолданылған.


Еске салайық, бұған дейін Жошы хан туралы фильмді түсіру жұмыстары аяқталатынын жазғанбыз.