Ұлттық Олимпиада комитеті мен Қорғаныс министрлігі меморандумға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті өзара келісімге келді. Бұл туралы ҰОК хабарлады.

Қорғаныс министрі, спорттық және жауынгерлік самбодан федерацияның президенті, генерал-полковник Руслан Жақсылықов және ҰОК президенті Геннадий Головкин өзара ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойды. Тараптар әскери қызметшілер арасында олимпиадалық қозғалысты қолдау, спорттық инфрақұрылымды жақсарту және армия спортшыларын дайындау тиімділігін арттыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Қорғаныс министрі Геннадий Головкин сынды тәжірибелі, кәсіби спортшының ҰОК президенті лауазымына тағайындалуы қазақстандық спорттың, оның ішінде әскери спорттың дамуына оң әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті мен ҰОК арасындағы күш біріктіру әскери спортшылардың шеберлігін арттыруға ықпал ететінін баса айтты.
— Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы мен Ұлттық Олимпиадалық комитет арасындағы әскери спортшыларды қолдау бойынша күш біріктіру олардың шеберлігін арттыруға сеп болады. Себебі біздің ортақ мақсатымыз — чемпион тәрбиелеп, Қазақстанды таныту, - деді Қорғаныс министрі.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов сондай-ақ жақын арада Алматы қаласында әскери-спорт колледжі ашылатынын хабарлады. Онда тәрбиеленушілер спорттық, әскери және техникалық білім алып, ауылдық өңір жастарына үлкен спортта жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік беріледі.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Қорғаныс министрлігінің олимпиада спортшыларын дайындауға көрсетіп жатқан қолдауын жоғары бағалайтынын жеткізді.
— Біздің ынтымақтастығымыз Қазақстанда спорттың одан әрі дамуына және халықаралық аренада спортшыларымыздың беделін арттыруға ықпал етеді. Мақсатымыз ортақ, ал бірлесе әрекет етуіміз жемісті болады деп сенемін, - деді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінде 12 олимпиадалық спорт түрі дамытылып жатыр. Орталық спорт клубында 131 спортшы жаттығады. Өткен жылы әскери қызметшілер Олимпиада ойындарына 21 жолдама жеңіп алды. Олардың төртеуі Париждегі Олимпиадада жүлдегер атанды.