Ұлттық ұлан әскери қызметкері халықаралық дрон-жарысында жүлдеге ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Astana IT University базасында өткен AITU KazRoboDrone 3.0 халықаралық жарысында Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Бекзат Жайдарбекұлы үшінші орын иеленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Елордадағы Astana IT University базасында өткен AITU KazRoboDrone 3.0 халықаралық дрон-рейсинг және авиамодельдеу жарысына ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» спорт командасының әскери қызметшісі қатысты.
Беделді додаға еліміздің әр өңірі мен шет мемлекеттерден 120-дан астам қатысушы жиналды. Ұшқышсыз ұшу аппараттары санатында 20 спортшы бақ сынап, арнайы трассадан өту жылдамдығын, маневр жасау дәлдігін және ұшу шеберлігін көрсетті.

Финалдық кезең қорытындысы бойынша ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» спорт командасының әскери қызметшісі Бекзат Жайдарбекұлы жүлделі үшінші орынды иеленді. Ол FPV-дрондарды басқарудағы жоғары кәсіби дайындығы мен техникалық шеберлігін дәлелдеп, команданың мерейін үстем етті.
Бұл жетістік құқықтық тәртіп әскерлерін даярлау жүйесінде ұшқышсыз технологиялардың маңызы артып келе жатқанын айқындайды. Сонымен қатар дрон-рейсинг пен авиамодельдеу саласында қазақстандық мамандардың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық арнайы жасақ халықаралық турнирде топ жарған еді.
Сондай-ақ Ұлттық ұланда жеті тілде еркін сөйлейтін полиглот сарбаз әскери міндетін атқарып жүр.