Ұлттық ұлан басшылары 2 жылда бітетін әскери база құрылысын 7 жылға созған
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Ұлттық ұлан басшылығының өздері бекіткен нормативтерді сақтамайтынын мәлім етті.

— Тағы бір мәселе — Ұлттық ұлан қызметі. Бұл қызметте де бірқатар кемшілік анықталды. Мысалы, тиімсіз жоспарлау фактілері бар. Әуе техникасының қосалқы бөлшектері мен материалдары бойынша бекітілген нормативтердің болмауына байланысты 13 млрд теңге тиімсіз жоспарланған. Әскери инфрақұрылымдарды салудың нормативтік мерзімдері сақталмай келеді. Мысалы, Астанадағы әуе базасын салудың нормативтік мерзімі 24 ай болса, құрылыс 7 жылға созылды. Соның салдарынан құрылыс құны 7,5 млрд теңгеден 12 млрд теңгеге ұлғайды. Біз бұл материалдарды тиісті органдарға жібердік, — деді Әлихан Смайылов «Уәде» бағдарламасында.

Сондай-ақ ол Қазақстан ақпарат технологиялары мен ақпарат құралдарының импортына тәуелді екенін мәселе ретінде атады.
— GovTech бірыңғай ақпарат платформасын іске асыру ұзаққа созылып кетті. Тағы бір мәселе — денсаулық сақтау, өнеркәсіп, көлік, құрылыс салаларындағы цифрландыру жұмыстарын жеделдету қажет. Цифрлық даму министрлігінің үйлестіру жұмысын күшейту керек, — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттер нәтижесінде 2024 жылы 135 млрд теңге бюджетке қайтарылғанын жазған едік.