Ұлттық ұлан сарбаздары 101 жастағы ардагерді құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 101 жасқа толған ардагер тұрады. Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай Ұлттық Ұлан сарбаздары Рзағұл Байкешевтің үйіне арнайы барып, гүл шоқтарын табыстады. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне арнайы жеңіс шеруін ұйымдастырды.

Рзағұл Байкешев Ақтөбе облысының тумасы. Небәрі 17 жасында қан майданға аттанып, Калинин облысында, Ржев, Великий Луг қалаларындағы шайқастарда жауға тегеурінді қарсылық көрсетіп, Берлинге дейін барған. Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан. Ардагер үш айдан соң 102 жасқа толады. Бүгінгі күні майдангердің 2 ұлы, 5 немересі мен 7 шөбересі бар. Ғасыр жасаса да майдангер әлі тың. Арнайы құттықтай барған сарбаздарға ақжарма тілегін айтып, батасын берді.

- Жортқанда жолдарың болсын. Қыдыр ата жолдастарың болсын. Әрқашан ақ жол болып, аман жүруді жазсын. Менің берген батам қабыл болсын. Өте риза болып тұрмын. Жыл сайын бізді ұмытпай келіп тұрасыңдар. Разымын, - деген тілегін білдірді соғыс ардагері Рзағұл Байкешев.
Ұлттық ұлан сарбаздары ардагерлерге құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолы Құрмет қарауыл ротасы бастаған ұландық сарбаздар ардагер тұратын үйдің алдында әскери шеру ұйымдастырды. Әскери әндерден шағын концерт қойды. Ескі күндерді еске түсірген қарт майдангер көзге жас алды.

Бұдан бөлек 5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері де ыстық ықыластарын білдірді.
- Сіз қатал сынақтардан өттіңіз. Рухани қажырлы күш көрсеттіңіз және де жеңіске жеттіңіз. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс туралы естелік және де Сіздің ерлігіңіз үшін мақтаныш ұрпақтан ұрпаққа беріле береді. Біз үшін болашаққа өнегелі бағыт-бағдар ретінде қызмет атқарады,-дейді қатардағы жауынгер Бекзат Жоланов.

Астана қаласындағы 5573 әскери бөліміне биыл 5 бірдей ардагерді ұлықтау міндеті жүктелген. Бұдан бөлек, әрбір өңірлік қолбасшылық өкілдері де майдангерлерді марапаттайды.
- Ұлттық ұланның сарбаздары ардагер ефрейтор Байгешев Рзағұл атамызды құттықтауға келіп отырмыз. Біздің осы ақсақалдар соғысқа қатысып, өзінің өмірін аямай, біздің жеріміз бен елімізді агрессорларға бермейміз деп осы күнге жеткізді. Оларға құрмет көрсету, марапаттау, есімдерін ұлықтау - біздің перзенттік парызымыз, -деді 5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов өз сөзінде.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша 120 соғыс ардагері тұрады. Оның 6-ы Астана қаласында. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне төленетін төлемақы мөлшері 2,5 есеге ұлғайды. Олардың әрқайсысына 5 миллион теңгеден беріледі.
Осыған дейін 2025 жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толатыны туралы хабарлаған едік.
