Ұлттық ұланның әскери қызметшісі самбодан Азия чемпионатында алтын алды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкент қаласында самбо шеберлері арасында Азия чемпионаты өтті. Беделді турнирге құрлықтың мықты спортшылары, оның ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Polisia.kz.

64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы Ержан Қоңыров алтын медаль жеңіп алып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
— Мен ішкі істер министріне, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке, Бас қолбасшылықтың дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Сатжан Әбішевке және мені қолдағандардың барлығына алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – командалық жұмыстың, біздің қолбасшыларымыздың сенімі мен қолдауының нәтижесі, - деп атап өтті марапаттау рәсімінен кейін Ержан Қоңыров.
Ержан Қоңыровтың спортпен шұғылдануына классикалық күрестен спорт шебері Қайыржан Қоңырұлы түрткі болған. Ол әкесінің ізімен самбоға 20 жылдан астам уақытын арнады және осы уақыт ішінде керемет нәтижелерге қол жеткізді.
Ержан — самбодан спорт шеберлері арасында 2022 жылғы Қазақстан чемпионы. 2023 жылы ел біріншілігінде үшінші орынға ие болған. Ал 2024 жылы тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ оның еншісінде 2023 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі мен 2024 жылғы Азия біріншілігінің қола медалі бар. Самбодан басқа, ол дзюдода да бағын сынап көрген.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық дзюдошылардың Азия чемпионатына аттанғанын хабарлаған едік.