Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар өмірден өтті
АСТАНА. KAZINFORM – 2023 жылы әскери қызметті өткеру кезінде ауыр бас сүйек-ми жарақатын алған Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаян қайтыс болды.
- Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес. Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселе ашық айтыла бастады, - деп жазды адвокат Инга Иманбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, мәлімдеме жасады.
- Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақатының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер болып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді. Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталды. 2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және ағзадағы функцияның нашарлауы синдромы байқалды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді, - делінген министрліктің хабарламасында.
Еске салсақ, әскерде жүріп, басынан жарақат алған Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Ербаян Мұхтар бірнеше ай бойы комада жатқан болатын.
Былтыр ол Ыстанбұлдағы емінің алғашқы кезеңін аяқтап, Астанаға оралған.