Ұлттық валютаның одан әрі әлсіреу ықтималдығы бар – экономист
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен айдан бері теңгенің долларға шаққандағы курсы құбылмалы жағдайда тұр. Шілденің соңында доллар 550 теңгеге жеткенде Ұлттық банк валюта саудасына араласып, интервенция жасау арқылы теңгені сәл нығайтқан еді. Дегенмен ұлттық валюта бағамы әлі де теңселіп тұр, бірде нығаяды, ендігісінде қайта төмендейді. Алдағы уақытта бағам қалай өзгеруі мүмкін? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сарапшы пікірін сұрады.

Экономист, R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, жағдайдың осылай құбылуына бірнеше факторлар әсер еткен. Соның бірі – мұнай бағасының күрт төмендеуі.
– АҚШ-тың мұнай мен мұнай өнімдерінің тауарлық қоры туралы кейінгі статистикалық деректері өсім мен өндіру көлемінің артқанын көрсетті. Міне, осы фактор теріс әсер етті.
Екінші мәселе, алдағы уақытта АҚШ пен Ресейдің келіссөздері жоспарланып отыр. Бұл да мұнай бағасына теріс әсерін тигізуде. Егер келіссөздер оң нәтижемен өтсе, болашақта Ресейдің мұнай саласына бағытталған санкциялар алынып тасталуы мүмкін. Бұл фактор да мұнай бағасының өсуіне кедергі болып отыр, – дейді сарапшы.
Бұдан бөлек, АҚШ-тың кейінгі жұмыспен қамту деңгейі бойынша статистикалық деректері оң көрсеткіштерге шыққан. Осы жағдай да АҚШ-тағы доллардың күрт нығаюына әсер етіп отыр. Ал ассоциативті валюталарға қатысты негізгі мөлшерлемені төмендету ықтималдығының азаюы байқалады.
Кейінгі онжылдықта теңгеге шаққандағы доллар бағамы 3 есеге жуық өскен. Мәселен, 2015 жылдың шілде айында 1 доллар 186 теңге болса, 2025 жылғы шілде айының аяғында 540 теңгеден асып кетті.

Арман Байғанов бұл процесс алдағы уақытта да жалғаса беруі мүмкін екенін айтады. Оған дәлел ретінде ішкі факторлар барын жеткізді.
– Бізде бюджет тапшылығы бар, кіріс бөлігі шығыс бөлігін толық жаппайды. Осыған байланысты келесі жылы да Салық кодексіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр деп ойлаймын. Біз келесі жылы халықтан және бизнестен жиналатын салық мөлшерін арттыруды бекіттік. Мақсат – бюджет тапшылығы болмауы үшін, кіріс бөлігі шығысты жабуы керек, сонда ұлттық валютаның әлсіреуі тоқтауы мүмкін.
Ал қазір ұлттық валютаның одан әрі әлсіреу ықтималдығы жоғары. Оны көбі айтып та жүр. Енді бұл жағдай Ұлттық банк тарапынан интервенция арқылы бақыланатын болады, – деп түйіндеді экономист.
Доллар ақша айырбастау орындарында қаншадан саудаланып жатқанын жазған едік.