Ұлттың рухани ұстыны: Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл

АСТАНА. KAZINFORM – 25 қарашада ақын, жазушы, журналист және ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті қоғамдық-саяси өкілі Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толып отыр. Жалынды сөз шеберінің артында қалған мол мұрасы туралы Kazinform агенттігі тілшісінің материалынан оқи аласыз.

а
Фото: Wikipedia

Оның есімі Әлихан Бөкейханов және Ахмет Байтұрсынов есімдерімен қатар тұр, ал құнды мұрасы бостандық, халықтың құқықтары мен мемлекеттің меншігі алдындағы жауапкершілігі туралы әңгіменің үзілмес бөлігі ретінде айтылады.

Дулатовтың дәуірі мен қоғамдағы рөлі туралы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің тарих ғылымының кандидаты Айбек Шалғымбеков айтып берді.

Интеллигенция өзегі, халықтың ары

Тарихшының айтуынша, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов және Ахмет Байтұрсынов тұлғасын бөліп қарастыруға болмайды. Бұл – ХХ ғасырдың басында қазақ ұлттық қозғалысының «жүйкесін» қалыптастырған бірегей көшбасшылар буыны.

- Үшеуі бірге түскен сурет бар. Бұл – болашақ партияның, интеллигенцияның негізгі өзегі. Олар халықтың ары еді, халық оларды тыңдап, оларға қарап бой түзеді. Үшеуінің ролін бағаламау мүмкін емес, - деп атап өтті Айбек Шалғымбеков.

Ұлттың рухани ұстыны: Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл
Фото: ашық дереккөзден алынған

Дәл осы буын сол уақыт үшін маңызды жерді сақтау, Ресей империясындағы қазақ теңдігі, білім алу қажеттілігі, ұлттық рухты ояту, саяси автономия мәселелеріне мән берді.

Көзқарас қалай қалыптасты?

Шалғымбековтің сөзінше, Дулатов және оның серіктестерінің көзқарасының қалыптасуын Ыбырай Алтынсарин реформасынсыз түсіну мүмкін емес.

- Ыбырай Алтынсарин мен оның жақтастары ауыл мектептері, уездік училищелер желісін, мұғалімдер дайындау жүйесін құрды. XIX ғасырдың басында қазақ даласында себілген білім нәрі ХХ ғасырдың ортасында өнім берді. Ахмет те, Міржақып та, басқа да қайраткерлер – сол жүйенің түлектері, ұлы қазақ ағартушысының ізін жалғады, - деді тарихшы.

Білім маңызды құралға айналды: мектеп, әдебиет, газет, бұқара алдында сөйлеу арқылы олар тіл, мәдениет, халықтың құқығы мен әділетті қоғам құру мәселелерін көтерді.

Міржақып Дулатовтың өмірінде әлеуметтік мәселелер жоғары маңызға ие. Айта кетейік, ол – дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдердің жағдайын алғаш боп көтергендердің бірі. Жазушы мұны өзінің «Бақытсыз Жамал» атты шығармасында кеңінен суреттеді.

- Романда теңдік, қыз-келіншектердің таңдау құқығы мәселесі сипатталады: әйел – «тауар» немесе қалыңмалға өтетін зат емес, тұлға. Бұл – ХХ ғасырдың басындағы өте батыл қадам, - деді Шалғымбеков.

Тарихшы шығарманы осы аймақтың тумасы Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал» романымен қатар қояды. Екі шығарма да XIX ғасырдағы сияқты ХХ ғасырдың басында да капиталистік қатынас элементтері, салт-дәстүрдің мүліктік жіктелісі бұрмаланып, қызды «келісімшарт нысанына» айналдырған.

Зерттеушінің айтуынша, бұрын ана, ошақтың отын өшірмеген құрметті адам ретінде суреттелсе, кейін қарым-қатынастың «монетизациялануы» өзгеріс әкелді. Бұл әдебиетте айтылып, сыналды.

«Оян, қазақ!»

Дулатовтың артына қалдырған тағы бір ерекше туындысы – «Оян, қазақ» атты шығармалар жинағы.

- Ақын «көзіңді аш, қазақ, жеріңді берме, құқығыңды таптатпа» деп, халықты ұйқысынан оянуға шақырды. Әдебиет ол кезде халық санасына әсер ету тетігіне айналды. Ол кезде теледидар, телефон болған жоқ, көпшілік қазақ тілінде аз тиражбен шығарылған газет, кітаптарды оқыды, бұл адамдардың рухын оятты, - деді Айбек Шалғымбеков.

Жинақ тиражының шектелуі бекер емес, билік авторды қатаң бақылауда ұстады. Оның сөздері саяси сілкініс туғызып, халықтың өзін-өзі ұйымдастыруына мүмкіндік береді деп есептеді.

Ұлттың рухани ұстыны: Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл
Фото: Айбек Шалғымбековтің жеке мұрағатынан

Міржақып Дулатовтың саяси белсенділігінің басталуы Байтұрсынов, Бөкейханов және оның жақтастары қазақтың құқықтары жөнінде ашық мәлімдеме бастаған 1905 жылғы Қарқаралы петициясымен байланысты. Кейін «Қазақ» газеті, «Алаш» партиясының бағдарламасы дүниеге келді, болашақ автономия туралы съездер мен пікірталастарға қатыса бастады.

- «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы мәні жағынан біздің қазіргі Конституциямыздың демократиялық тұсына ұқсайды. Адам құқығы, өзін-өзі басқару, зайырлы мемлекет, тегін білім алу, жер, тіл мәселелері көтерілген. Олардың ойынша, Алаш автономиясының аумағында қазақ және орыс тілі қолданылуы керек болатын. Бұл – шындыққа жақын және салмақты қадам, - деді тарихшы.

Шалғымбеков сол себепті кеңес билігі олармен ынтымақтастықтан ә дегеннен қауіптенді деп есептейді.

- Халықтың ортасынан шыққан көшбасшы болғандықтан оларды көпшілік тыңдады. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары интеллигенция өкілдері бірінші болып репрессияға ұшырады. Олар жаңа билікті қағаз жүзінде мойындағанымен оның тәсілдерін жақтаған жоқ. Билікке бұл ұнамады. Олардың тағдырындағы трагедия 1390 жылдары көзі жойылған қазақ интеллигенциясына ортақ трагедияның бір бөлігі еді, - деді ғалым.

Ұлттың рухани ұстыны: Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл
Фото: Айбек Шалғымбековтің жеке мұрағатынан

Айбек Шалғымбеков жуырда Дулатовтың туып-өскен және жерленген жері Торғай өлкесіне мұғалімдер және оқушылармен бірге барған сапарын еске алды.

- Бір аптада өзім естен кетпес әсер алдым. Торғайдағы музей, оған жазушының туыстары өткізген экспонаттар, құжаттар, жәдігерлер, музей қызметкерлерінің әңгімесі – бәрі тұлғаны, ол өмір сүрген дәуірді көз алдымызға әкелді, - деді ол.

Дулатовтың денесін Карелияға жерлеу тарихы, лагерьден бейітін іздеу, дүниелері мен құжаттарын салыстыру, туыстарының еске алуы – өз алдына бөлек әңгіме. Отбасындағы естеліктер, ұрпағының, оның ішінде «халық жауының қызы» деп жала жабылған Гүлнар Дулатованың тағдыры тірі адамдар арқылы тарихтың екінші жағын көруге мүмкіндік береді.

Ағартушыны қалай еске аламыз?

Шалғымбековтің айтуынша, Дулатов мұрасы және оның замандастары бағытындағы жұмыс тар кеңістікте қалып қоймауы керек.

- Мынаны оқып, мынаны оқымау керек деп бөлудің қажеті жоқ. Бұл – біздің тұтас тарихымыз. Тұлғалар, қиындықтар, сол заманның қарама-қайшы тұстары туралы ашық, бүкпесіз айтуға тиіспіз. Мектеп оқушылары мен студенттер әңгіме «абстрактілі қайраткерлер» туралы емес, біздің жерімізге, тегімізге, әулетімізге ортақ адамдар туралы екенін ұғынуы керек, - деді ол.

Ұлттың рухани ұстыны: Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сөзін қорытындылай келе, ол қазақстандықтар көп нәрсеге қол жеткізгенін, оның ішінде тәуелсіз мемлекет атану – ізгі мұрат екенін атап өтті. Бірақ қазір бізге Дулатов сөзге қосқан халықты ояту туралы ғана емес, болашақта республиканы сақтап қалу, қазіргідей күрделі кезеңде мемлекеттілікті нығайту жөнінде ойлану керек.

Дулатов пен оның жақтастарының мұрасы – тарихтың бір парасы ғана емес, қазіргі заманғы буын үшін айқын бағыт. Ұлы ойшылдың 140 жылдығы оның ұлт рухын оятудағы үлесі жөнінде ойлануға негіз болмақ.

Еске салсақ, 2025 жылдың қыркүйегінде Қостанайда Міржақып Дулатовтың ескерткіші ашылды.

Міржақып Дулатовтың 125 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды.

Соңғы жаңалықтар