«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заң қабылданды ? Парламент

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан енгізілген өзгерістерді мақұлдап, құжатты қабылдады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, бұл заң жобасы Елбасының «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген. Заң жобасы Ұлттық әл-ауқат қорын ұйымдастыру мен оның тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталады, сондай-ақ Қордың мәртебесін, оның қызмет ерекшеліктерін айқындайды. Осыған орай аталған қорға бірқатар ерекше өкілеттіктер беру көзделеді. Атап айтқанда, Үкіметтің шешімі бойынша стратегиялық нысандарды, жер қойнауын пайдаланудың иеліктен айырылатын құқығын және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қатысу үлесін сатып алудың басым құқығы беріледі. Тоқтала кететін жайт, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры -Үкіметтің Экономика және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі жоспарын орындауда негізгі операторы. Сондықтан да осы Қорға жеке заң әзірленіп, жаңа талаптарды орындау жүзеге асатын болады. Заң жобасы арқылы Қорға бірқатар ерекше өкілеттіктер беру көзделеді. Мәселен, Қорға меншік иелерінің иеліктен шығаратын стратегиялық нысандарды Үкіметтің шешімі бойынша сатып алудың басым құқығы беріледі. Сондай-ақ акция топтамасы ел заңнамасына сәйкес стратегиялық нысандарға жатқызылған ұйымдардың немесе республика экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар ұйымдардың банкроттығы кезінде конкурстық массаны Үкімет шешімі бойынша сатып алу басымдығы, бұдан басқа заңнамадағы тәртіппен банк акцияларын сатып алу құқығы да осы Қорға беріледі. Құжатты талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Атап айтқанда, банктердің акцияларын сатып алу мен иеліктен шығару, сондай-ақ аталған акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беру жөніндегі Үкіметтің құзіретіне нақты құқық берілді. Мәжіліс депутаттары Сенат тарапынан ұсынылған өзгерістермен келісіп, құжатты қабылдады. Сондай-ақ, жалпы отырыста осы құжатқа қатысты ілеспе заң жобасы да қабылданды. Атап айтқанда, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық әл-ауқат қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «Қазақстан инвестициялық қоры туралы» Заңының күші жойылды деп тану туралы» заң жобасына Сенат тарапынан енгізілген ұсыныстар қабылданды.
Соңғы жаңалықтар