Ұлттық аспаптар жаңғыртылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ежелгі сақ дәуірінде табылған көне аспаптар заманауи оркестрлердің құрамына енгізілмек. Нарқобыз, саз сырнай, қамыс сырнай сынды бағзы өнер сарқыншақтарын Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының ғылыми қызметкерлері қайта қалпына келтіруде, деп хабарлады www.24.kz.

Ұлттық аспаптар жаңғыртылуда

Көне жәдігерлердің бірі - саз сырнай осыдан мың жыл бұрын құстардың қиқуын, аңдардың дауысын салған қай бүлдіршіннің ермегі болғанын дөп басып айту қиын. Бұл аспапты 1971 жылы әйгілі өнертанушы, қазақтың аспаптану ғылымының негізін қалаған Болат Сарыбаев ежелгі Отырардың орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде тапқан. «Аспапты музыка мал шаруашылығымен айналысқан халықтың музыка мәдениетінде ғана қарқынды дамитыны бүгінде аксиомаға айналған. Мәселен, скрипканың қобыздан бастау алғанын Еуропа ғалымдары өткен ғасырдың 50-60-жылдары дәлелдеген. Оны жылқының қылы тартылатын ысқышқа қарап-ақ айтуға болады. Мұражайда сан ғасырлық мәдени мұрамыздың тағы бір жәдігері түпнұсқа қалпында сақталған», - дейді өнертану ғылымдарының докторы, профессор Әсия Мұхамбетова. Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының қызметкері Ақерке Ахметзакиеваның айтуынша, мұнда палеолит кезінде табылған петроглифтердегі қазақ халқының көшпенді халық екені бейнеленген. Мысалы, тастағы домбыра, жанында билеп жүрген адамдарды қараңыз. Қасында тұрған «балбал тас» деп аталатын тас 6-7-ғасырларға жатады. Оны «бақсы тас» деп атайды. Мұражай қызметкерлері аспапты музыка мәдениетінің ғасырлар қойнауынан жеткенін айғақтайтын жәдігерлердің сазбалшықтан жасалғандары ғана біздің заманымызға дейін жеткенін айтады. Ағаштан жасалған аспаптар сақталмағанымен, олардың түр-пішіні таста қашалған дегенді алға тартады ғалымдар. Домбыраға ұқсас аспаптың ең көне түрі ежелгі Хорезмде табылған. Ғалымдар оны біздің дәуірімізге дейінгі 4-ғасырға жатқызады. Мамандардың айтуынша, қазақ халқының аспапты музыкасы туралы сөз болғанда, Болат Сарыбаев туралы айтпай кетуге болмайды. Ол кісі қазба жұмыстарында табылған ұлттық аспаптарды зерттеп, қалпына келтірумен қатар оны фольклорлық ансамбльдерге, оркестрлерге енгізіп, қайта жаңғыртты. Бүгінде Ұлттық аспаптар мұражайының қорында сақталған мыңнан астам жәдігерлердің жартысынан көбі Болат Сарыбаевтың жеке мұрағатынан алынған. Екі жүзден астам аспапты қалпына келтірген ұлы ғалымның ісі бүгінде жалғасуда. Шамамен 2 жыл бұрын Моңғолия жерінде табылған көне аспапты Алматыға жеткізген ғалымдар қазір оны зерттеп жатыр. Бірі бұл жәдігерді адырна десе, екіншісі домбыраға ұқсатады. Аспаптың шығу тарихын шамамен 6-7 ғасыр деп болжануда.