Ұлттық банк «Мир» ғарыш станциясы» және «Бауырсақ» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарды

АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі бүгін номиналдық құны  500 және 50 теңгелік жаңа ескерткіш монеталарды айналысқа шығарды.

Ұлттық банк «Мир» ғарыш станциясы»  және «Бауырсақ»   ескерткіш монеталарын айналысқа шығарды

Олар - «Ғарыш» монеталар сериясынан «proof» сапасымен номиналдық құны 500 теңгелік биколорлы және нейзильбер қоспасынан жасалған номиналдық құны 50 теңгелік «Мир» ғарыш станциясы» ескерткіш монеталары. Сондай-ақ «Қазақстан халықтарының ертегілері» монеталар сериясынан «proof» сапасымен номиналдық құны 500 теңгелік «Бауырсақ» ескерткіш күміс монетасы.

«Мир» ғарыш станциясы» ескерткіш монеталары күмістен, танталдан және нейзильбер қоспасынан жасалған ғарышты зерттеу және ғаламның тылсым құпиясын ашу тарихындағы айтулы оқиғаларға арналған  серияны жалғастыратын монеталардың жетінші жұбы болып табылады.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биколорлы (құрамдас) монета аэроғарыш өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылатын металл - танталды қолдана отырып жасалған. Биколорлы монета  сынамы 925/1000 күмістен, массасы 14,6 грамм. Диск - массасы 26,8 грамм танталдан жасалған, диаметрі - 38,61мм., «proof» сапасымен дайындалған, таралымы - 5 мың дана.  «Нейзильбер» қоспасынан жасалған монетаның  диаметрі - 31 мм., массасы - 11,17 грамм, таралымы -  50 мың дана.

Ал «Бауырсақ» ескерткіш монетасы Қазақстан халықтарының ертегілеріне арналған серияның екінші монетасы. Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - «proоf», таралымы - 4 мың дана.