17:13, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық банк төрағасы халыққа тек банктердің ақша айырбастау қосындарына баруға кеңес береді
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгінгі жағдайда халықты тек банктердің ақша айырбастау қосындарына баруына кеңес береді. Ол бұл пікірін бүгінгі Үкіметте өткен селекторлық кеңесте мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, қазіргі жағдай қалыпты, жұртшылық біздің жаңа дәлізді қорғайтынымызды түсінеді. Яғни, доллар бағамы одан әрі жоғарыламайтын болады. Мұны ел халқы толық түсінулері қажет. Біз өз филиалдарымызға банктік емес ақша айырбастау қосындарына қатысты тиісті тапсырма жүктедік. Өйткені банктік емес ақша айырбастау орындары доллар бағамына әсер ететіндей проблема туғызуы мүмкін. Сондықтан да халық тек қана банктердің ақша айырбастау қосындарына барғандары жөн», - деді Г. Марченко.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазіргі күні республиканың барлық банктері қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ банктегі ақша айырбастау орындары сенбі, қажет болған жағдайда жексенбі күндері де жұмыс істеуге әзір.
«Валютамен барлық өңірлер толық қамтамасыз етілген. Біз қосымша 600 млн. доллар әкелдік. Банктер мұны облыстарға бөлетін болады. Яғни, Қазақстанның аймақтары шетел валютасымен қамтамасыз етіліп, бұл халық тарапынан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік жасайды. Біз шетелдік валютаның жеткілікті екеніне сенімдіміз», - деді Г. Марченко.