Ұлттық Банкі банктер активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізбекші

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық Банкі биыл республика банктері активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізбекші. Саладағы жағдайдың нақты жай-күйін растау реттеушіге банктердің проблемаларын тиімдірек шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы «Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді» арнайы жобасының шеңберінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ҚР ҰБ төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді.

Ұлттық Банкі банктер активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізбекші

«Банктер портфельдерінің сапасы - еліміздің қаржы нарығының және оның қатысушыларының болашағы тәуелді болатын негізгі жайлардың бірі», - деп атап өтті О.Смоляков. Ол Ұлттық Банктің деректерін келтірді, оларға сәйкес 2017 жылғы наурыздың басындағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін қарыздар (төлем мерзімі 90 күннен асқан) деңгейі банктердің реттеушіге ұсынатын есептілігіне сәйкес 7,32%-ды немесе 1,1 трлн. теңгені құрады, бұл 2014 жылғы ең жоғарғы деңгейден 3,8 трлн. теңгеге төмен. «ХҚЕС-ке сәйкес жасалатын банктердің есептілігі банк менеджменті мен оның аудиторларының қарыздарды жұмыс істемейтін қарыздар санатына жатқызу мәселесіндегі пайымдарының бір-бірінен айтарлықтай алшақ екенін болжайды, - деп түсіндірді ол. - 2015 жылы едәуір макроэкономикалық күйзелістер болды, бұл банктердің қарыз алушыларының қаржылық жай-күйіне және төлем қабілетіне жағымсыз әсер етті. Алайда банктер төлемдер жасау мерзімін кейінірек мерзімге ауыстыра отырып, қарыздар бойынша зиянды тануды, оның ішінде қарыздарды «жасанды» қайта құрылымдау есебінен тануды кейінге қалдыруға тырысуда. Мұндай қарыздарды қаржылық ортада «мәңгі жасыл» қарыздар деп атайды. Соның нәтижесінде іс жүзінде төлемдері жоқ қарыздар банктің есептілігі бойынша жұмыс істемейтін қарыздар санатына жатқызылмайды. Сондықтан да Ұлттық Банкте тұтастай алғанда жүйе бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың әлеуетті көлемі банктердің есептілігінде көрсетілген ағымдағы деңгейден асып кетеді деп пайымдауға негіз бар».

Осылайша, О. Смоляков атап өткендей, банктер активтерінің нақты сапасы қарыз алушылардың қаржылық жай-күйінің төмен болуынан, «сенімді емес» кепілдерді, мысалы, болашақта түсетін ақшаны және мүлікті, үлестес компаниялардың сақтандыру полистерін, жеке тұлғалардың кепілдіктерін және тағы басқаларды пайдалану практикасынан, сондай-ақ акционерлердің және олармен байланысты тұлғалардың бизнесті қайтарымсыз кредиттеуден қосымша бағалауды талап етеді.

«Мұндай жағдай Қазақстанға тән болып табылмайды, - деп түсіндірді О. Смоляков. - Әлемнің көптеген реттеушілері мұндай жағдайға ұшырайды.  Оны шешу үшін Ұлттық Банк те, басқа елдердің реттеушілері де активтер сапасын кешенді бағалауды жоспарлап отыр, ол әдетте стресс-тестілеу жүргізумен қатар жүреді».