Ұлттық экономиканың көшбасшысы болып «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры танылды

Өткен жылы оның табысы 3,6 трлн. теңгені құрап, оның алдындағы көрсеткішке қарағанда 23,9 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. Бұл туралы бүгін Алматыда «Эксперт РА Қазақстан» рейтингтік агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Аталған рейтингте екінші орынды «Теңізшевройл» ЖШС иеленсе, үшінші орында ENRC компаниясы тұрақтады. Жоба аясында еліміздің ірі компанияларының рейтингісі анықталуда. Айта кетейік, 23 қарашада ҚР Үкіметінің қатысуымен елордада «Эксперт-100-Қазақстан» экономикалық форумы өтеді.
«Эксперт РА Қазақстан» рейтингтік агенттігінің бас директоры Әділ Мамажановтың сөзіне қарағанда, еліміз бизнесінің үшінші ұлттық рейтингісі 2010 жылдың қорытындысы бойынша дағдарыстың терең кезеңін экономиканың еңсергенін байқатты. «Эксперт-100-Қазақстан» рейтингіне қатысушылардың жиынтық табысы 2010 жылы 13 трлн. теңгеден асып, 25 пайызға өсті. «Өсімнің осындай жоғары көрсеткіші «әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан 3 экономиканың бірі» мәртебесіне лайықты. Ernst&Young мәліметі бойынша экономика өсімі бойынша бірінші орында Қатар, екінші орында Қытай, үшінші орында Қазақстан»,-деді ол.
Белгілі болғандай, еліміз экономикасы негізінің бірі өнеркәсіптік компаниялар өткен жылы өзінің табысын 37,3 пайызға арттырды.
Ә. Мамажановтың айтуынша, 2010 жылы агроөнеркәсіптік кешен компаниялары өзінің табысын -26,6 пайызға, көлік саласы - 24,3 пайызға, телекоммуникация компанияларының кірісі 16,1 пайызға өсті.