16:48, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық халық санағын өткізуге арналған ресми сайт жұмыс істей бастады
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Статистика агенттігінің Ұлттық халық санағын өткізуге арналған ресми сайты жұмыс істей бастады.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Агенттіктің баспасөз хатшысы Динара Жандаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. www.2009kz.kz сайтына ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында елімізде өткізілетін Ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары мен оны өткізу шаралары, сондай-ақ министрліктер мен басқа да ведомстволардың ақпараттары енгізіліп отыр. Сайт алты құрылымдық бөлімнен тұрады. «Материалдар» бөлімінен алдағы санаққа қатысты ресми жарияланымдарды, сараптамалық материалдар мен Қазақстан аумағында бұған дейін өткізілген санақтар туралы тарихи анықтамаларды алуға болады. «Ақпарат» бөлімінде аймақтардағы санақты өткізуге дайындық жұмыстары, «Жаңалықтар» блогында өткізілген іс-шаралар мен аңдатпалар, «Байқаулар» блогында агенттікпен өткізілген байқаулар, тендерлер мен мемлекеттік тапсырыстар, «Медиа» бөлімінде республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының санаққа қатысты мақалалары қамтылған. Сондай-ақ тәуліктің кез-келген уақытында санаққа қатысты сұрақтар қойып, оған толыққанды жауап алуға мүмкіндік беретін «Сұрақ-жауап» бөлімі орналастырылған. Д.Жандаеваның атап көрсеткеніндей, «Санақ -2009» дербес веб-порталы дүниежүзілік тәжірибелерге негізделіп жасалып отыр. «Әлемнің жетекші мемлекеттері өз елдерінде санақ жүргізу кезінде ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында интернет желісін қолданған. Қазақстандық веб-портал осы бағытта ең үздік деп танылған Австралия мен Ирландияның ресми сайттарына негізделді», - деді ол.