Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Н. Жоламанов оңтүстік өңірлердегі шекараларда болды

ондағы әскери-қызметтің ұйымдастырылуын, жаңа типтегі застава құрылыстарының барысын қадағалап қайтты. Инспекторлық қадағалауға осы аумақта орналасқан Қарасай, Қордай, Сарыағаш және Жетісай шекара отрядтарының нысандары ілікті. Сапар барысында әрбір нысанға нақтылай баға беріліп, олардың жақсы жақтарымен қатар кемшіліктері де сыналды, деп хабарлады ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
Шекара басшысының сапары Қарасай шекара отрядына қарасты «Бұрған» заставасының құрылыс алаңынан басталды. Құрылыстың әрбір нысаны, олардың мерзімінде орындалуы басты назарға алынды. Бұл құрылыстың жүргізілуіне шекара басшысы қанағаттанарлық бағасын берді.
Құрылыс жұмыстарын ұйымдастырудағы іскерлігі және лайықты бақылауды жүзеге асырғаны үшін «Шығыс» өңірлік басқармасының бастығына алғыс жарияланды, Қарасай шекара отрядының командиріне ақшалай сыйлық пен грамота тапсырылды, тағы да бірқатар офицерлерге алғыс білдірілді.
Бұдан кейін басшылық Қордай шекара отрядына қарасты «Сортөбе» заставасына ат басын тіреді. Мұндағы кешендік нысанның жұмыстары негізінен аяқталған, тек ішкі әрлеу, жиһаздар мен жабдықтар қою секілді майда-шүйде жұмыстары ғана қалыпты.
- Бұл заставаның құрылысы қанағаттанарлық, мұнда мердігерлер белгілінген кестемен жұмыс атқаруда, сапасы да белгіленген стандартқа сәйкес келеді. Тараз қаласының «Промхиммонтаж» мердігерлік АҚ тиянақты құрылыс ұйымы ретінде атап өту керек, бұлармен ертеңгі күні де жұмыс істеуге болады, - деді шекара басшысы өз ризашылығын білдіре тұрып.
Әскери тікұшақтың келесі табан тіреген жері «Өтеген» заставасы болды. Мұндағы құрылыс жұмыстарына қатысты көптеген мәселелердің қордаланып қалғандығы байқалды. Застава аумағының жайландырылуы, жатақхана, казарма және спорт залдары ғимараттарының кемшіліктері баса айтылды. Генерал-лейтенант Н.Жоламанов шымкенттік «Жалғасқұрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысына сапасыз жұмыстары бойынша өзінің сын ескертпелерін айтып, кемшіліктерін түзетуге уақыт белгіледі.
«Қазығұрт» заставасының кешендік нысандары директор бастаған шекарашылар тобын өзінің ұқыптылығымен разы етті. Жалпы айтқанда, нысан белгіленген кесте бойынша тұрғызылуда. Шекара басшысы құрылыс жұмыстарын ойдағыдай атқарғаны үшін «Азат и Ко» ЖШС басшылығына алғысын білдірді.
Құрылыс нысандарына тұрақты бақылау жасауды жүзеге асырған «Оңтүстік» өңірлік басқармасының және шекара отрядтарының офицерлері де ақшалай сыйақымен марапатталды.
Шекара бөлімшелерін тексеру қорытындысы негізінде генерал-лейтенант Н. Жоламанов кемшіліктері байқалған әрбір нысан бойынша нақтылай тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта ҚР ҰҚК ШҚ директорының жұмыс сапары еліміздің шығыстағы шекара шебінде жалғасуда.