Ұлттық кеңеске Нобель лауреаттары мен шетелге кеткен қазақ ғалымдары шақыртылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ғылым жөніндегі ұлттық кеңеске Нобель лауреаттары мен шетелге кеткен қазақ ғалымдарды шақырған. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрамында атақты физиктер, Нобель сыйлығының лауреаттары да кірді. Джордж Смут деген атақты физик бар. 2006 жылы физика саласындағы Нобель сыйлығын алған. Сол кісілер енді дүниежүзінде болып жатқан жетістіктерді тікелей Президентке баяндап тұрады», - дейді министр.

Оның айтуынша, 1930 жылы құрылған осындай ұлттық кеңестің арқасында АҚШ атом бомбасына қол жеткізген.

«Осы кеңестің жетегімен Apollo миссиясы адамдарды Айға апарды. АҚШ-тың кейінгі 50-70 жылдағы технология мен ғылым саласындағы үстемдігін осы кеңес қамтамасыз етті», - дейді Саясат Нұрбек.

Министр бұл кеңестің құрамына танымал шетелдік ғалымдармен бірге отандық мамандар және қандас ғалымдар кіретінін айтады.

«Кеңестің құрамы ұзақ мерзімге құрылмайды. Әр үш жыл сайын жаңарып отырады. Оның құрамына өзіміздің отандық ғалымдар да кіреді. Сондай-ақ, қазақтың ішінен шыққан, бірақ шетелде мықты лабораторияларды басқарып отырған ғалымдар бар. Мысалы, Марат Сапарбаев деген отандасымыз тоқсаныншы жылдары әл-Фараби атындағы ұлттық университеттен түлеп ұшқан. Қазір Парижде Францияның жетекші биология және биотехнология лабораториясын басқарып отыр немесе Жәнібек Әлпішев деген Семей қаласының тумасы бар. Қазір Аустрия Ғылым және технология институтының жетекші суперконденсаторлар лабораториясын басқарады. Осындай мықты-мықты азаматтарымызды да біздің кеңестің құрамына шақырып отырмыз», - деді ведомство басшысы.


Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар