Ұлттық кітапхана дағдарыс жағдайында да жаңарып, дамуда

АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасының биылғы «Дағдарыстан-дамуға» атты жолдауы қоғамның түрлі салаларында үлкен қолдауға ие болуда. ҚазАқпарат осы орайда ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры Орынбасар Исаховтың пікірін назарға тартады.

Ұлттық кітапхана  дағдарыс жағдайында да жаңарып, дамуда
«Ел Президентінің «Дағдарыстан - дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздерді, кітапхана қызметкерлерін, өздерінің кәсіби ресурстарын оқырмандарға қызмет көрсетуді жаңғыртуға, инновациялық технологиялар саласында ақпараттың жаңа ресурстарына халықтың қол жетімділігін кеңейту мақсатындағы негізгі міндеттерге жұмылдыруға бағыттайды. Республикамыздың басты кітапханасы дағдарысты еңсерудегі өзінің негізгі міндетін осы тұрғыдан түсінеді. Елбасы атап өткендей, дағдарыстың салдары - біздің елімізге күйзеліс пен жоқшылық емес, жаңару мен даму әкелуі тиіс! Нақты ресурстармен және іс-қимылдармен бекітілген осы тамаша ой біздің еліміздің ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде шынайы қолдау табуда. Осындай аса қиын дағдарыс жағдайында тек күнкөріс ырзығын ғана ойлау керек сияқты, дегенмен біз мемлекет көлеміндегі «Зияткер Қазақстан - 2020», «Мәдени мұра», «Болашақ» сияқты маңызды жобаларды іске асыруды қолға алдық және еліміздің әрбір азаматы өзінің амандығы мен болашағын ғылыми-технологиялық, рухани-білім беруді жетілдіруден табады. Біз үшін осындай суперинновациялық саясат жан-дүниемізге жақын болуы керек», - деді тілшімізге Ұлттық кітапхана басшысы. Оның айтуынша, ең алдымен ескеретін жайт, ұлттық ақыл-ойдың қазынасы болып табылатын еліміздің ең үлкен кітапханасына әлемдік қаржылық дағдарыс салқыны бәлендей қиыншылық әкелген жоқ. «Мәселен Президентіміз Н.Назарбаевтың нұсқауымен, әлеуметтік нысан ретінде кітапхана штаты қысқартылмады. 2009 жылдың қаңтар айынан кітапханашылардың негізгі жалақысына 25 пайыз үстеме ақы қосылды, еңбек ақы деңгейі бойынша біздің кітапхана ТМД елдерінің ұлттық кітапханаларының ішінде алдыңғылар қатарында. Осы тұрғыда біз Елбасы қамқорлығын сезіне отырып, отандық оқырмандардың жаһандық ақпаратты еркін пайдалануын қамтамасыз ету - ҚР Ұлттық кітапханасының ең маңызды басымдылығы және қалыптасқан дағдарыс жағдайында біздің қосқан үлесіміз деп санаймыз. Осы ретте үстіміздегі жылы аса өзекті, ең алдымен экономикалық, гуманитарлық, тарихи, техникалық, жаратылыстану және жоғары технологиялар жөніндегі әдебиеттерді сатып алуға ниеттіміз.Қазақстанның базистік кітапханасының кітап қорын толықтыру саясатының мемлекеттік маңыздылығын түсіне отырып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ҚР Ұлттық кітапханасына 2007 жылы әдебиеттерді сатып алуға 12 миллион теңге, 2008 жылы ? 2 миллион 750 мың теңге бөлді. 2009 жылы да қорымыз құнды басылымдармен толықтырылмақ. Ақпараттың пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі өзінің басты міндетін орындай отырып, кітапхана қоры өткен жылдары сандық және сапа жөнінен ұлғайды және 2008 жылы алты миллионнан астам сақтау бірлігін құрады. Оқырмандардың қазақ тіліндегі әдебиеттерге үлкен қызығушылығы мен сұраныстарының өсуін ескере отырып, біз қорды қазақ тіліндегі әдебиеттермен толықтыруға бар күшімізді салудамыз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қазақ тіліндегі жалпы қор жарты миллионға жуық бірлікті ғана құрайды. Кітапханада республика оқырмандарына арнайы электрондық оқырман залдары арқылы әлемдік ақпараттық ресурстарға еркін кіруге кең мүмкіншіліктер жасалған. Ұлттық кітапхананың өзекті ғылыми және гуманитарлық ақыл-ойдың электрондық деректер қорынан тұратын ақпараттық ресурстары сандық түрде 13.2 Гб. құрайды, ол 1000-нан астам монографиялық кітаптар. Ұлттық кітапхананың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларды жүзеге асырудағы белсенділігін ерекше атап өту керек, оның барысында әлемдік қорлар мен мұрағаттардан Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты баға жетпес материалдар, құжаттар, кітаптарға ие болды. Бұл аса құнды деректемелік құжаттарды бұрын отандық ғылыми зерттеушілердің пайдалануына мүмкіндік болмаған. 2004-2006 жж. библиографиялық іздестіру экспедицияларын жүргізу барысында кітапхана мамандарымен 1308 деректер табылып, 2007 жылы құжаттардың 331 көшірмесі, оның ішінде араб қарпімен жазылған 30 қазақ кітабының көшірмесі жасалынды.«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында кітапхана қорына 2265 дана кітап түсті, оның ішінде көпшілігі әлемдік экономикалық, философиялық, саяси, мәдениеттанушылық ой саласындағы іргелі еңбектер мен монографиялардың қазақ тіліндегі аудармалары болып табылады. Бұл танымдық әдебиеттер массиві қазақ тілді жастардың жалпыөркениеттік құндылықтарды игеруіне және жаһандық экономикалық кеңістікке сауаттылықпен кіруіне, әлемдік макроэкономикалық үрдістерді түсінуіне мүмкіндік береді. Кітапхананың ірі жетістіктерінің ішінде Мәскеуден Ельцин қоры желісі бойынша түскен 62 томдық Әлемдік энциклопедияны, Нобель сыйлығының лауреаттары дәрістерінің 50 томдығын, Ресей мемлекеттік кітапханасы қорынан жыл сайын жаңартылып отыратын ресейлік диссертациялар мен ғылыми еңбектердің электрондық қорын атауға болады. ҚР Ұлттық кітапханасы ұлттық-мәдени орталықтар, ғылыми-ағартушылық және академиялық құрылымдар өкілдерінің республикалық және халықаралық конференцияларды, форумдар мен мәдени акцияларын өткізетін нағыз сұхбаттасу алаңына айналды. Осы акциялар мемлекетіміздің ұлтаралық келісімге жетуіне және төзімді қазақстандық қоғамды қалыптастыруға күш салуына жағдай жасайды.Кітапхананың халықаралық кітапханалық қауымдастықта да ынтымақтастықтың лайықты субъектісі ретінде ерекше ұстанған жолы бар. Халықаралық кітапханалық қауымдастықтың, Еуразиялық кітапханалық қауымдастықтың мүшесі болып табылады. Өзінің қорларын ашу тұрғысында кітапхана жыл сайынғы халықаралық кітап жәрмеңкелеріне белсене қатысады, шет елдердегі Қазақстан Республикасының елшіліктері арқылы өткізілетін көптеген халықаралық шараларды ақпаратты және идеялы түрде қолдайды. Қазіргі таңда қазақ елінің рухани қазынасының қара шаңырағы болып отырған Ұлттық кітапхана Елбасының үлкен қамқорлығын сезіне отырып, Елбасы жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға белсенді үлес қосады».