Ұлттық қордан банктерге ШОБ-ты қаржыландыруға 100 млрд. теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық қорынан өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындарды қаржыландыруға бөлінген қаражат екінші деңгейлі банктерге толығымен жетті.
None
None

Бұл туралы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Қуандық Бишімбаевтың жетекшілігімен Алматыда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорында өткен мәжілісте жарияланды. Басқосуда холдинг пен екінші деңгейлі банк өкілдері Ұлттық қордан орта және шағын кәсіпорындарды қаржыландыруға бөлінген 100 млрд. теңгені игеру мәселесін талқылады.

«Бүгінгі таңда банктер қаржыны толық мөлшерде алып, оларды игеруге кірісті. Қазір қаржыландыруға тапсырыс түскен жобалар сараптамадан өткізілуде. Банк өкілдерінің мәліметі бойынша, кәсіпкерлерден түскен жобалардың жалпы сомасы 111 млрд.теңге. Оның ішінде 44 млрд теңгенің жобалары азық түлік өндірісіне қатысты. Сонымен бірге, текстиль бұйымдары, жиһаз, шыны және шыны өнімдері, химия және металургия өнеркәсібіне жататын жобалар бар. Сараптамадан кейін банктер несие беруді бастайды. Банктер қаржыны жарты жылдың ішінде бекітілген лимитке сай игеруі тиіс. Кәсіпкерлерге несие беру процесін қадағалау «Даму» қорына жүктелген», - деп жазылған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ баспасөз хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың 14 сәуірінде Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Жоспар аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға 100 млрд теңге бөлінген.

2014 жылдың 17 сәуірінде «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес мекемесі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры екінші деңгейлі 13 банкпен тиісті несиелік келісімдерге қол қойып, қаржыны игеру тәртібін бекітті.

Бұл қаржының 50 млрд. теңгесі жаңа жобаларды қаржыландыруға, оның ішінде 25 пайызы азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды несиелендіруге жұмсалады. Тағы 50 млрд. теңге өңдеу қнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпорындарға бұрын берілген несиелерді қайта құрылымдауға (рефинансирование) бөлінбек.

Соңғы жаңалықтар