14:35, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық қордан экономикаға бағытталған қаражаттардың басым бөлігі кәсіпкерлердің қолына тимей, банктерде өсімде жатқаны қалай? ? Р. Халмұрадов
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ұлттық қордан экономикаға бағытталған қаражаттардың басым бөлігі кәсіпкерлердің қолына тимей банктерде өсімде жатқаны қалай? Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкіметке жолдаған сауалында депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметтің Ұлттық қордан дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлетіндігін айтқанына жарты жылдай уақыт өтті. Бірақ, бұл қаражаттың бір теңгесі де кәсіпкерлердің, шаруалардың қолына тиген емес. Сондай-ақ «Қазкоммерцбанк» «Халық банкіне» 120 млрд. теңге аударғанына үш күннен соң бір ай толады. Бұл қаржы да халыққа жетпей, банктерде жатқан сыңайы бар. Оңтүстіктегі диқандар қаржы тапшылығынан көктемгі егіс жұмысын бастай алмай жүргенде, осындай жайбарақаттықты түсіне алмай келеміз», деді депутат. Оның айтуынша, «Қазкоммерцбанк» интернет сайты арқылы таратқан баспасөз парағында жоғарыда айтылған 126 млрд. теңгенің 36 млрд. теңгесі алты айға депозитке салынған. «Егер бұл шынында да солай болса, банктерге экономикамыздың нақты салаларын қолдау үшін бөлінген қаржының үштен бірі тағы бес айдай банктегі өсімге салынып, ел экономикасынан бөлек, жекелеген азаматтарға ғана таза табыс берейін деп тұр. Ендеше, мұндайға жол берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс», - деді Р. Халмұрадов.
Сонымен бірге, депутат Мемлекет басшысының Үкіметке Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты, тиімді жұмсалуына мемлекеттік және қоғамдық бақылау орнатуды тапсырғанын айта келе, ондай мәселенің толық көрініс бермей отырғанын атап өтті. «Шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін несиелердің сыйақы өсімі, несиені алу тетігі, қажетті құжаттар мен несие бере алатын облыс, аудан, қалалардағы банктер, қорлар жөнінде ереже бекітілсе. Бұның барлығы БАҚ-та жарияланса ? онда кәсіпкерлер де жауапқа қанық, қоғамдық бақылау да шынайы болар еді», - деді депутат Р. Халмұрадов.