Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатының 1-турында алматылықтар алғашқы жеңісіне қол жеткізді

АЛМАТЫ. 24 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Өскеменде волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер арасында өтіп жатқан ХХ Қазақстан чемпионатының 1-турында «Алматы» командасының қоржынына алғашқы 3 ұпай түсті.
None
None

21 қараша күні «астаналық» құрбыларына 0:3 есебімен ойсырай ұтылған олар кеше Теміртаудың «Металлург АМТ» волейболшыларынан дәл осындай есеппен басым түсті. Қазір алғашқы 3 күннің қорытындысы бойынша турнир кестесінде 9 ұпаймен астаналықтар көш бастап келе жатыр. Олар «Алматы», «Металлург АМТ» және Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» командаларын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал бірнеше жылдан бері ел чемпионатында топ жарып жүрген Алматы облысының «Жетісуы» кеше Қарағанды облысының («Қарағанды») волейболшыларын 3:0, ал арғы күні Павлодар облысының («Ертіс-Қазхром») спортшыларынан 3:1 есебімен басым түскен болатын.

Бүгін енді жарыс кестесіне сәйкес барлық командалар тынығуда. Ертең «Ертіс-Қазхром» мен «Қарағанды», «Жетісу» мен «Астана», «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» пен «Алматы» өзара күш сынасады. Егер жетісулықтар бұл сында өз басымдығын дәлелдей алса, турнир кестесінде көшбасшылық тізгінді өз қолына алатын болады. Өйткені олар бұдан кейінгі ойындарын 2010/2011 жылғы маусымда 5-7 орынды бөліскен Алматы, Теміртау және Өскемен қалаларының командаларымен өткізеді. Олар қазірдің өзінде биылғы чемпионаттың күміс жүлдегері саналатын павлодарлықтар мен онда үздік төрттікті түйіндеген қарағандылықтардан өз шеберлігінің жоғары екенін дәлелдей алды.

Соңғы жаңалықтар