Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлттық мұрағат электронды құжаттардың айналымын реттейтін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды

ТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ұлттық мұрағат мемлекеттік құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында республиканың тиісті заңдарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жасамақ.

Ұлттық мұрағат электронды құжаттардың айналымын реттейтін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды

Бұл туралы бүгін елордадағы Ұлттық мұрағат мемлекеттік мекемесінде ел Тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған «Бүгінгі Қазақстан: болашаққа көзқарас» атты ғылыми конференцияда мұрағат директоры Рысты Сариева мәлім етті.

Оның айтуынша, заңдық өзгерістер қолданысқа енді еніп жатқан электронды құжаттардың айналымын реттеу үшін жасалуы тиіс.

«Бүгінгі жиында біз ҚР Парламентінің депутаттарына «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» және «Электронды құжат және электронды сандық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасаймыз. Себебі қазіргі уақытта бірқатар орталық мемлекеттік органдар қағазбастылықтан арылып, электронды құжат айналымына көше бастады. Алайда оның нормативтік-құқықтық қырлары әлі үйлестірілмеген. Электронды құжаттарды форматтау, оларды көп жылдарға сақтау мәселелері әлі реттелген жоқ», - дейді Р. Сариева.

Мұрағат директорының айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік органдарда электронды мұрағат жүйесі құрылған. Оған осы уақытқа дейін еліміздің жаңа тарихынан, тәуелсіздіктің 20 жылында жүріп өткен жолынан ақпарат беретін 150 мыңнан астам құжат енгізілген.

«Біз орталық мемлекеттік органдарда электронды құжат қалай сақталып жатыр, электронды құжаттар кейін ұлттық мұрағатқа табысталатынын не табысталмайтынын білмейміз»,-деп атап өтті Р. Сариева.