Ұлттық музей төрінен орын алған «Абай құтысының» тарихын білеміз бе?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде хәкім Абайдың (Ибраһим Құнанбаев) туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция барысында Музей директоры Дархан Мыңбай ақынның құтысына қатысты қысқаша тарихты баяндады.
«Бүгінде әлемді шарлап, төлтума қасиеті мен менталитетін насихаттап жүрген «Конфуций орталығы», «Гете орталығы» сынды қытай, неміс және тағы да басқа жобаларын мысалға алып, «Неге Абай орталықтарын ашпасқа?» деп сұрақ қойып жүрген зиялылардың да ойы қисынды деп білеміз. Қазірше, осы мәселені жекелеген жоғары оқу орындары өз бастамаларымен атқарып жүр. Абай орталықтарының Баку, Ереван, Минск, Ханой қалаларында ашылуы - осыған дәлел бола алады. Ендігі міндет - осы істі бір орталықтандыру, жүйелеу», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Ұлтттық музей директоры Дархан Мыңбай. Сонымен қатар, сөз арасында Дархан Мыңбай Абай бейнесінің Ұлттық музейді жасақтау барысында «Тарих» залындағы «Тұғыры биік тұлғалар» экспозициясының төрінен орын алғанын да мақтанышпен жеткізді. Тоқтала кететін жайт, музейдегі экспозицияға Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайынан сыйға берілген ақынның қолының табы қалған құтысы және 1909 жылы Петерборда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан шығармаларының түпнұсқасы сынды жәдігерлер қойылған екен. Осыған байланысты Ұлттық музей директоры «Абай құтысының» тарихына да мән бере кетті. «1883 жылы Абайдың орыс достары Н. И. Долгополов пен Н. М. Лобановский Семей қаласында тұңғыш «Өлкетану музейін» ұйымдастырады. Осы музейдің негізін салуға Абай да бір кісідей атсалысады. 1885 жылы ақын қазақ этнографиясын насихаттау мақсатында осы құтыны өлкетану музейіне өз қолымен апарып тапсырады. Сондай-ақ, аталған музейге қазақтың киіз үйінен бастап барлық жиыны 60-тан астам тұрмыстық құнды дүниелерді сыйға тартады. Қазіргі күнде Ұлттық музей төрінен орын алған «Абай құтысының» қысқаша осындай тарихы бар», - деді ол. Сөз соңында Дархан мыңбай «Абай - қазақтың төлқұжаты. Ол - рухани деңгейіміздің барометрі. Ол - ел парасатының әрі рәмізі, әрі бақылаушысы» екенін атап өтті. «Сондықтан, Ұлттық музей классикалық музейлердің дәстүрін сақтап, Абайдай даналардың мұрасын материалдық дүниемен ғана емес, білім-ағарту-таным жүйесімен таныта беруді мақсат тұтады. Біріншіден, Абай мұрасы білім жүйесі оқулығынан өмір жүйесі оқулығына ауысты. Екіншіден, Абай даналығы - ұлт даналығының эталонына айналып, Абай биігінің - ел биігі екенін айқындап, ұлттанудың міндетін атқарып келеді.Үшіншіден, Абай жолы «ел!» деп біріккен, «ұлт!» деп ұйысқан азаматтарымыздың жаңғыруға, сапаға ұмтылған жолы болып бекітілді. Біз осыған қуанамыз. Біз осындай жақсылықтың баяндылығына сенеміз», - деді Д. Мыңбай.