Ұлттық рухты ұстап тұрған қазақтың бойындағы намыс ешқашан өлген емес, өлмейді де - Шалатай Мырзахметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары елімізде спорт саласы жоғары қарқынмен дамып келеді деп сеніммен айтуға болады. Бокс, ауыр атлетика, қазақ күресі және басқа да спорт түрлері бойынша еліміздің атын шығарып, жаһандық жарыстарда көк байрағымызды желбіретіп жүрген қыз-жігіттеріміздің жетістіктері соған куә. Осы орайда еліміздегі спорттың дамуы, әсіресе қазақтың жанына жақын бокстағы бүгінгі жағдай жөнінде ҚазАқпарат тілшісі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, спорт жанашыры, жанкүйері Шалатай Мырзахметовпен тілдескен еді.
None
None

- Шалатай аға, қазақ спортына, оның ішінде бокс өнеріне зер салып жүрген азаматтың бірісіз. Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) бесінші маусымының финалында «Астана арландарының» қарсыласы әлемге әйгілі Кубаның «Cuba Domadores» командасы болды. Шешуші шайқас басталғанға дейін қандай ойда болдыңыз?

- Бокс саласын зерттейтін маман болмасам да, көп жыл жанкүйер болып жүргендіктен, менде «кубалықтарды ұта аламыз ба, әй, ұту қиын ғой» деген ойлар да болды. Бірақ екінші жағынан «қазақтық ұлттық рух барда, өз үйімізде, ошағымыздың басында, бала-шағамыздың қасында отырып, біз жеңілсек, қандай қазақпыз?!» деген ой да санамды қамшылады. Біздің команда жеңгенде, мен қатты қуандым. Бізде өтіп жатса да, жігіттерімізге жасалған әділетсіздік те орын алды. Мысалы, төрешілердің Василий Левиттің жеңісін кубалықтың еншісіне жазып жібергені ақылға сыйымсыз. Бірақ Василий азамат екен, қыңбады. Шу шығарған жанкүйерлеріне басу айтып, алдағы кездесулерге сенім артты. Ол Олимпиада жолдамасын алды ғой, ал оған сәтін салып қатысатын болса, бір жүлдеге ие болуы мүмкін. Сондай-ақ жеңіске жеткенмен, ойын барысында тең түскен жігіттеріміз де болды.

Жақында Біржан Жақыпов Олимпиада жолдамасын алғаны туралы жағымды жаңалық естідік. Мен Біржанды кішкентай кезінен білемін. 2003 жылы Түркістанда Әбдісалан Нұрмаханов атындағы турнирде Біржан жеңімпаз болды. Ол кезде мен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысымен. Жарысты ұйымдастырушылар спортшыларды марапаттау туралы маған ұсыныс жасады. Сол жолы жеңімпаз болған Біржанға алтын алқасын таққан едім. Бұл оның ең алғаш рет алтын алқа алып тұрғаны екен. Өзі Созақ ауданының жігіті деп естідім. Мен 1988-92 жылдары Созақ аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болған едім. 2005 жылы әлем чемпионатынан қола жүлде алған соң, әкесі маған баласын ертіп келді. «Сізді жұрт тура мінезді дейтін, сыртыңыздан жақсы көріп жүреміз. Мына балам бірінші алтын медальды Сіздің қолыңыздан алып еді. Соны жақсы ырымға балап жүретін едім. Міне, әлемдік жарыстан қола жүлде алып келді»,- деді. Содан бері Біржанды зерттеп қарап жүрмін, өзінің жолы ауырлау жігіт. Бірақ оның бойында мықты боксшыға тән қасиеттер бар. Біріншіден, өз салмағына қарағанда бойы ұзын, екіншіден, ол салмақ қумайды, техникасы жақсы, қарсыластың соққысын дарытпайды. Үшіншіден, сәл де болса, оның артықшылығы - қолы ұзын әрі солақай. Алдағы Олимпиада - Біржанның өз дарыны мен тәжірибесін көрсететін соңғы мүмкіндігі. Соңғы жарысым деп жан берісіп, жан алысып, өнер көрсетсе, нәтижесі ел қуанатындай болады деп ойлаймын.

Қазір Бокс федерациясының басшылығында да болашақты болжай білетін жігіттер отыр. Сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановқа жаратылғанда бір қасиет берілген жігіт. Біріншіден, ол мықты боксшы болған, оның лақап аты «мистер нокаут» еді, кезінде жеңіл салмақта өнер көрсеткенмен, ұрғанын құлатып жүрген жігіт болды. Бұл енді табиғи берілген дарын. Жалпы, мықты боксшылардан мықты бапкер шыға бермейді. Оның екінші бір қасиеті білікті бапкер болып шықты. Шымкентте қарапайым бапкер болып жүрген кезінде-ақ тәлім алған шәкірттері жарқырап шықты. Ең бастысы, ішкі түйсігі, ділі мықты жігіт. Оқып алған білім бір бөлек, табиғаттың өзі берген қасиет бір бөлек. Табиғат берген қасиетті қазақта діл дейді.

Алдағы әлемдік жарыстарда, пәле-жаладан аман болып тұрса, біздің спортшылар Алланың бұйыртқан несібесін ешкімге қақтырмай, алып шығатынына сене беруге болады.

- Кубалықтармен өткен кездесуде Асланбек Шымбергенов керемет өнер көрсетіп, әлем және Олимпиада чемпионы Роньель Иглесиас Сотолонгоны жеңді. Сол кездесу Сіздің де көңіліңізден шыққан шығар?

- Асланбек - жамбылдық спортшы, оның өнеріне мен қатты қуанып қалдым. Ол өтіп жатқан кездесу барысын зерделеп, қарсыласының әрекеттеріне қарай бетбұрыс жасай алады екен. Ал бізде әдетте көптеген спортшылар жаттығуда дағдыланған әдістерінен шыға алмай қалып жатады. Қарсыласы соны біліп алады да, соққы беріп отырады. Асланбектің кез келген сәтте шабуылдау әдісін ауыстыра алатын қасиеті барын байқадым. Өйткені бізде 69 келіде негізгі боксшы Данияр Елеусінов қой. Ол дара шыққан соң, соңғы кездері бар техникасын көрсете алмай жүрген сияқты. Асланбек енді Даниярға жақсы бәсекелес болды. Асланбектің соққысы әлі қойылмаған. Сол жағын жетілдіру керек. Ол рингте өзінің 70 пайыз мүмкіндігін пайдалануда. Жәнібек Әлімханұлы сияқты бойындағы қуатын жүз пайыз пайдаланса, ол қарсылас шақ келтірмейді. Өзінің дене бітімі де, бойы да келісіп тұр. Көкпарда тарамыстай қатқан сіңірлі жігіттер көп болады. Асланбек те сондай сіңірлі жігіт екен. Жақсы бапкердің қолына түссе, бағы жанатыны сөзсіз. Сол арқылы қазақ халқының да бағын жандыратыны анық.

- Адамды жеңіске жетелейтін күш-қуаттың негізі туралы не айтар едіңіз?

- Жалпы, қандай жеңіске де жету бар да, оны ұстап тұру өте қиын. Бірақ біздің Қазақ елі бокстан ешқашан төмен қарай кетпейді деп ойлаймын. Өйткені адамда жеңіске жету үшін бірнеше фактор болуы керек. Ең бастысы - тектілік! Тегінде бар қасиет жарыққа шықпай тұрмайды. Сондықтан қазақтың қанында «жекпе-жек» деген қасиет о бастан бар. Жаугершілік заманында екі жақ кездесіп, алда тұрған батырлар «Жекпе-жек!» деп айқайлағанда, арқасы қозбайтын қазақ болмайды. Өз басымнан кешкен бір оқиға. Бұдан бірнеше жыл бұрын Ермұрат есімді кенже балам таеквондо бойынша спортқа қатысып жүрді, 5-6 сыныптарда оқитын кезі. Бір күні «Қаланың атынан облыстық біріншілікке қатысамын»,- дейді. Бапкеріне уәде беріп қойыпты. Жарыс өтетін жерге бірге еріп бардым. Мен залда отырдым. Бір кезде баламды атап, кілемге шақырды. Оларды таныстыра келіп, бастауға рұқсат берген сәтте ұлым айқайлап жіберді. Қарап отырғанымда, кішкентай баламның жауырыны жалпайып, бойы биіктегендей болып, еңселеніп кетті. Екеуі шартпа-шұрт тебісіп жатыр. Бір уақытта менің балам жеңіп шықты. Адамның өзіне де, өзгеге де рух беретінін сонда анық көрдім.

Екіншіден, жеңіске жету үшін адам бойында намыс болады. Қазақта «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген ұлағатты сөз бар. Ұлттық рухты ұстап тұрған қазақтың бойындағы намыс ешқашан өлген емес, өлмейді де. Үшінші фактор - әр азаматтың өзінің шыққан жері, өскен ортасы. Алладан тілегін тілеп тұрған халқы барда, қазақ жігіттері небір биіктерді бағындыруы тиіс.

- Біздің боксшылардың арасында өзге ұлттың өкілдері де бар. Елімізге деген патриоттық сезімдерін де байқатып жүр. Соның бірі - Иван Дычко. Ол Әнұранды жатқа айтады екен.

- Қазақстанда дүниеге келіп, тәрбиеленген, қазақтың ортасында өскен басқа ұлттың жігіттерінің бойында ең кемінде 15 пайыз қазақтың қасиеті бар. Ол қаласаң да, қаламасаң да, жұғысты болады. Оларда Қазақ еліне деген ішкі азаматтық перзенттік борышының болғанына таңғалуға болмайды. Мысалы, біздің Геннадий Головкин әрбір кездесуге қазақтың ұлттық шапанын киіп шығады. Өзінің «Әкем - орыс, шешем - кәріс, өзім - қазақпын!» деген сөзі де бар. Ол қазақы тәрбие алғандығын көрсетіп тұр.

Қазақ жігіттерінің жақсы қасиеттері басқа ұлттың жігіттеріне жұғысты болып жатса, оған қуану керек.

Енді осы деңгейімізді сақтап, бұған тоқмейілсімей, жаттығуларды ғылыми кешенді түрде жасап, алдағы әлемдік жарыстарда да биік тұғырдан көріну үшін тынбай еңбек ете беру керек.

- Көкейіңізде жүрген қандай ой-пікірлеріңіз бар?

- Спорт туралы айтқанда, қазақ күресінің өркендеп келе жатқаны қуантады. Бұл да жекпе-жектің бір түрі ғой. Қазақ күресі бойынша неге еуразиялық, әлемдік жарыстар өтіп жатыр? Оның өзіндік ерекшелігі мол. Көрген адамды қызықтыра білетін қасиеті бар. Небір әдіс-айлалары бар. Мысалы, күшің жетіп, күнде лақтырып жүрген азаматыңды енді бір сәтте ол қарсы әдіс қолданып қалса, оны жыға алмай қалуың мүмкін. «Қазақстан барысы» жарысында небір қызықты сәттер болып жүр ғой. Қазақ күресін Олимпиада бағдарламасына енгізетін жағдайға жетсек, арман болмас еді. Осы қарқынмен кете берсек, түбі ол мақсатқа да жетеміз. Осыдан бес жыл бұрын қазақ күресін біреу білсе, біреу білмейтін еді. Осыдан 9-10 жылдай бұрын қазақ күресі бойынша өткен алғашқы әлем чемпионатын көруге Шымкенттен Алматыға барғанмын. Сонда ұйымдастырушыларға рақмет, жарыс домбыра әуенімен ашылды. 200-дей адамы бар домбыра оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындағанда, залдың іші жаңғырып кетті, қазақтың рухы пайда болды. Мұның келешегі жақсы болатын шығар деп ойладық. Осы қазақ күресінің басында жүрген азаматтар бар, федерацияның президенті Серік Түкиевтің еңбегі мол. Ол кезде он шақты шетелден спортшылар келді. Ал қазір әлемнің әр түкпірінен келіп, қатысып жатыр. Тіпті өткен жылы Кубаның азаматы бас жүлдені алып кетті. Соңғы жылдары қазақ күресін дамытуға үлкен үлес қосып жүрген азаматтың бірі - Арман Шораев. Ол «Қазақстан барысы» бес рет өтсе, соның бәрі де жоғары деңгейде өтуіне, телеарналар арқылы әлемге тарауына айрықша еңбек етіп жүр.

Әртүрлі адам болады. «Ақша шығарып, мұндай жарыс өткізудің не керегі бар?» дейтіндер де бар. Ал енді ақшаға сатып алуға болмайтын, ақшамен өлшеуге келмейтін құндылықтар болады, ол - елдің ұлттық рухы, намысы, халықтың болмыс-бітімі. Әдетте екі жағдайда мемлекеттік Ту көтеріледі ғой, елдің Президенті шетелге сапармен барғанда және әлемдік жарыстарда спортшылар жеңіске жеткенде, бірінші орын алған адамның құрметіне елінің Туы көтеріліп, Әнұраны шырқалады.

- Рақмет әңгімеңізге. Сенім артқан спортшыларымыз биік тұғырдан көріне берсін!

Соңғы жаңалықтар