Ұлттық санақта берілген шынайы мәлімет түпкі нәтижеде халықтың өзіне қызмет етеді

АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Енді бір айдан сәл асқаннан кейін республикамызда ұлттық халық санағы өткізіледі. Он жылда бір рет жүргізілетен жалпыхалықтық маңызы жоғары бұл науқанға дайындық та жаман емес секілді. Күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарында науқанды жарнамалауға, осынау шараға ел болып атсалысуға қатысты ақпараттар жеткілікті жариялануда.
None
None
Қазақстан азаматтарын түгелімен қамтитын санақ ел тәуелсіздігінен бері екінші мәрте өткізілгелі отыр. Сондықтан да осы ұлттық санақтың қорытындысы мемлекеттік саясат үшін де маңызды бола түспек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы алғашқы санақ 1870 жылдары жүргізілген екен. Онда да бүкіл қазақ даласы қамтылмай, жекелеген ірі немесе шағын қалалар, ондағы жанбасылық есептер жасалып, мал санына, иелігіне көбірек мән берілген сыңайлы. Ресей патшалығы тарапынан қолға алынған бұл санаққа негізінен саяхатшылар, статист ғалымдар тартылған. Дегенмен де, бұл статистика деректері толық мағлұмат емес, бағалауларға немесе болжамды мәліметтерге жақын. Олай болатын себебі, ресейлік санақшылар негізінен шекара маңын есепке алып, елдің ішкі жағына терең ендемей, тек шолып ғана өткен. Сондықтан да тарихқа келетін болсақ, 1870 жылдары Қазақстандағы барлық халық саны 3,6 млн, оның ішіндегі қазақтар саны 2,4 млн. шамасында деп көрсетіледі. Дегенмен де, бұдан кейінгі жылдары да отарлаушы патша саясаты статистикаға, оның ішінде өзі отарлайтын елдің «жағдайына» аса мән бере бастайды. 1897 жылдары өткізілген келесі санақта жалпы саны 14 сұрақтан тұратын адамдардың қоғамдық тобы, білімі, діні, жынысы, шұғылданатын ісі секілді сауалнамалар да қоса қамтылады. Санақ мәліметтері ұқыпты жасалып, 100 томдықтың ішінде біраз бөлігі қазақтарға арналады. Бұл жолғы санақта Қазақстандағы мекендеген халықтар саны 4 млн. 147,8 мың адамды құраса, ондағы қазақтар саны 3 млн. 398,2 мың адамға жеткен. Әрине, сол кезеңдердегі қиыншылықтарға орай, халық саны туралы нақты кесіп-пішіп айтуға да келмейді. Мәселен, демограф ғалым Мақаш Тәтімов 1897 жылғы санақта қазақтардың саны 10 пайызға, ал 1926 жылы 6 пайызға аз көрсетілген деп пайымдайды. Бірқатар мәліметтерге қарағанда, 1915-1917 жылдары қазақтардың жалпы саны 6 млн.-ға жеткен. Әйгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы да 1915 жылы «Әлхамдиллә 6 млн. қазақ бармыз» деген ғой. Сол секілді ғалым Мұхамеджан Тынышбаевтың есебі бойынша да 1917 жылы қазақтардың жалпы саны ССРО аумағында 6 млн. адамға жуық болған. Мінеки, бізге дейінгі қазақтардың ең бір өскен кезі де осы жылдары болса керек. Одан кейінгі алмағайып заман, жаппай қудалау, «қызыл қырғын», қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, дүниежүзілік соғыс секілді зұлматтар жайқалып келе жатқан қазақ жұртын қоғадай жапырып отырды. Бас сауғалаған жұрт еріксіз елден үдере көшті. Тіпті, кейбір мәліметтер бойынша сол көшке ілескен 10 адамның тек 1-еуі ғана аман қалып, бүгінгі күні шетелдегі қазақ болып отыр. Қазақ халқы санының күрт құлдырауына қызыл империяның әсері өте күшті болды. Деректер бойынша 1897 жылы 3 млн. 392 мыңға жеткен қазақтар саны 1926 жылы 3 млн. 627 мыңнан аз-ақ асқан. Және де алдыңғы 1897 жылы Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 81,8 пайызды құраса, кейінгі 1926 жылы 58,5 пайызға бірақ түскен. Ал 1897 жылы Қазақстандағы орыстар саны шамамен алғанда, 500 мыңнан асса, 1926 жылы олардың саны 1 млн. 275 мыңды құраған. Басқа ұлттардың құрамы да дәп солай. 1897 жылы 300 мыңды құраса, 1926 жылы 1 млн.-ның үстіне шыққан. Яғни, 1926 жылы Қазақстандағы 6 млн. 200 мыңға жуық азаматтың 58,5 пайызы немесе 3 млн. 627 мыңы ғана қазақтарды құрады. Оның үстіне бұл тек 1926 жылы ғана, яғни қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыс секілді қазақтың соры әлі де алда тұрған кезең. Бұдан кейінгі кеңестік жалпы санақ 1937 жылы өткізіліп, ол мамандардың аузында «атыс санағы» деген атпен қалыпты. Олай болатын себебі де түсінікті. КСРО ішінде маңызды мәнге ие болып, бұл науқанға барынша салмақ салынғанымен, алғашқыда мықтап ұйымдастырылғанымен де оның нәтижелері мардымсыз болды. Олай болатын себебі, санақты ұйымдастырушылардың басым бөлігі сол кездегі саясаттың нысанасына ілігіп, маңызды жұмыс басында тұрғанына қарамастан, аяқ астынан атылып кетті. Тіпті, сол кездегі санаққа Сталин мен оның айналасындағылардың көңілі мүлдем толмаған. Қорытындылары тіптен қорқынышты цифрларды көз алдыға әкелетін болған соң, мәліметтер өңделмеген күйінде қалып, басылым беттеріне де шықпады, мұрағаттарға лақтырылды. Олай болатын себебі де түсінікті ? санақ коммунистік ұрандатуға жұмыс істеуі тиіс болатын әрі өткен жылдардың табыстылығын дәлелдеу басты мақсат еді. Оның үстіне санақ науқаны қаншама жарнамаланғанымен де жұртшылықтың үрейі ондағы мәліметтерді түгелдей айғақтауға мүмкіндік бермеген. Дін, отбасылық жағдайы туралы ашық сауалға тек біржақты жауап беруден басқа халық не істей алады? Амал жоқ қаншама бұрмаланса да, ондағы көзге ұрып тұратын мәліметтерді тіпті кеңестік басшылар да пайдалануға қорықса керек. Дегенмен, қатаң құпияландырылған 1937 жылғы санақтан қазақтың басына түскен ауыртпашылықты бірден көреміз. Қазақстандағы халықтың ұлттық құрамы бойынша 1937 жылы жүргізілген санақтың қорытындысы елімізде барлығы 5 млн. 126 мың 626 адам есепке алынғанын көрсетеді. Оның ішінде қазақтардың саны 2 млн. 181 мыңнан асып 42 пайызға дейін төмендепті, ал орыстар саны 1 млн. 917 мыңға жетіп, 37,4 пайызға жеткен. Ал содан екі жыл өткеннен кейінгі санақ бойынша Қазақстандағы қазақтар саны 38 пайызды, ал орыстар саны 40,2 пайызды құраған. Мінеки, осы деректерге сүйене отырып, қазақтардың өз жерінде тек 1926 жылдарға дейін ғана 50 пайыздан асатын басым ұлтты құрап тұрғанын көруге болады. Одан кейінгі жылдарға келетін болсақ, 1938 жылы қазақтар 38 пайыз, орыстар 40 пайыз, 1959 жылы қазақтар 30 пайыз, орыстар 42,7 пайыз, 1970 жылы қазақтар 32,6 пайыз, орыстар 42,4 пайызды құрап, қазақ біртіндеп төмен сырғып, орыс ұлты жоғары көтеріле түседі. Тіпті тәуелсіздік алар тұста да Қазақстандағы қазақтардың саны 41 пайызға әрең көтерілді. Ал содан бергі жылдары мамандар қазақтың 60 пайыздан асқандығын айтып келеді. Шындығында бұл да тәуелсіздіктің арқасында болған қуантарлық жағдай. 1999 жылы өткен соңғы санақ нәтижесінде Қазақстан халқының саны 14 миллион 953 мың 126 адам болғаны жұртшылыққа белгілі. Ендігі санақтан не күтеміз? Жалпы бұл санақ халық санынан басқа тағы қандай мәліметтер ұсынады? Осы мәселе бүгінгі күні еліміздің қолға алып отырған бекем жұмыстарының бірі болып отыр. Ендеше осы мәселеге де тереңірек тоқталып көрелік. Алдағы санақ бойынша жалпы алғанда 45 сұрақ (санақ парағында) сауалнама ретінде жүргізіледі. Сұрақтың 9-ы әдеттегі азаматтығына, ұлтына, жынысына қатысты сұрақтар. 1 сұрақ дініне қатысты беріліпті. Дәл осы сұрақтан осы уақытқа дейін қанша қазақтың басқа дінге өтіп кеткендігін, елдегі діндік үлестің жіктелуін білуге болады. Және де біздің пайымдауымызша, осы сауалға берілген жауаптар анық дәлдікті көрсете алады. Өйткені, кез-келген адам, мейлі ол қазақ болсын, мейлі басқа ұлт болсын өз дінін жасырмайды. Көзіміз көріп жүргеніндей, басқа дінге құлдық ұрған қазақтардың барлығы (мәселен, кришнайтқа өткен қазақтар) дінін жасыра алмайды, керісінше өз жолының дұрыстығын дәлелдеуге, басқаларды да соған үйіруге тырысып-ақ бағады. Бұдан кейінгі 8 сауал азаматтардың білімділігіне қатысты болып отыр. Оның ішінде ана тіліне қатысты, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге байланысты сұрақтар. Осы сауалдардың негізінде қазақтардың бәленшесі немесе түген пайызы өз ана тілінде оқып жаза алмайды, деген сауалға енді нақты жауап ала аламыз ба? Күмәнді. Өйткені, ана тіліне қатысты сауалға қазақша білмейтін қазақтар да «қазақ тілі» деп жауап беруі мүмкін. Екіншіден, қазақ тілін меңгеруіне қатысты «ауызша», «түсінемін», «еркін оқимын», «еркін жаза аламын» деген бағаналарға берілетін жауапқа күмәнмен қарауға тура келеді. М. Шаханов айтпақшы, «өз үйінде де, жұмысында да, басқа орындарда да» тек ресми тілде сөйлейтіндер де қазақша «түсінеміннің» қатарына кіреді, немесе намыстары ойнап, «еркін оқып», «еркін жаза алатындар» қатарында болып шыға келуі де ғажап емес. Ал орыс тілін меңгеру деңгейіне келгенде «ауызша түсінетіндер» де, «еркін оқып, жаза алатындар» да басым болатынына дау жоқ. Өйткені қазақтардың басым бөлігі орысшаға келгенде әлдеқайда сауатты. Бұдан кейінгі сауалдар негізінен азаматтардың жұмыспен қамтылуына, табысына қатысты қалыптасқан. Табысқа қатысты күнкөрісі төмен деңгейдегі азаматтардың саны дұрысқа жуық шығуы мүмкін, ал керісінше, табысы жоғарылар деректердің құпиялығына кепілдіктер берілсе де (мәселен, 1 млн. және одан да көп) «ағынан жарыла» алар ма екен?! Қалай десек те, осыншама ауқымды істе ең алдымен ел азаматтарының жауапкершілігі басты рөл ойнамақ. Сол жауапкершіліктің нәтижесінде ғана бүгінгі күні қазақтың жай-күйі туралы толыққанды ақпараттар алуға, сараптаулар жасауға, болжамдар мен бағалауға қол жеткізеріміз анық. Мемлекет өзінің алдағы бағдарын, ұстанатын саясатын айқындай түседі. Әрі осы статистиканың арқасында «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» деген маңызды сауалға да толымды жауап алатынымыз хақ. Сондықтан, халық ұлттық санақтың жауапкершілігін, ондағы берілер мәліметтің шынайы болуы түпкі нәтижеде өз игілігіне қызмет ететіндігін түсінгені мақұл.
Соңғы жаңалықтар