Ұлттық ұлан жауынгері көпірден секірмек болған қызды құтқарып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жуырда ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкері, сержант Наурызбай Әлімханов Атырау қаласында көпірден секірмек болған қызды құтқарып қалды.

Ұлттық ұлан жауынгері көпірден секірмек болған қызды құтқарып қалды

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, сол күні 5546-әскери бөлімге қарасты жедел мақсаттағы батальон автомобиль взводының жүргізушісі, сержант Н.Әлімханов жеке құрамды тасымалдау үшін қалалық ішкі істер басқармасына келе жатады. Сол кезде көпірден секірмекші болып тұрған қызды байқап қалады. Дереу автокөлігін тоқтатып, артынан байқатпай келіп, қызды қолынан ұстап, кері тартып алады. Сосын полиция қызметін шақырып, өзі қыздың қасында болады. Өзін құтқарғаны үшін «түрлі мәселеден құтылғысы келіп, шынымен өмірмен қош айтысқысы келген» қыз кейін Ұлттық ұлан жауынгеріне алғысын айтады.

Қырағылық әрі батылдық көрсеткені үшін Н.Әлімханов 5546-әскери бөлім командирі тарапынан ынталандырылды.