15:57, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық валютаның девальвациясына байланысты облыс әкімдігінде брифинг өткізілді
АҚТАУ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Теңгенің девальвациясына қатысты облыс әкімдігінде брифинг өткізілді. Облыс басшылығы мен Ұлттық банк және еліміздегі екінші деңгейлі бірқатар банк филиалдарының өкілдері қатысқан басқосуда банктерге доллар бағамын өсірмеу туралы тапсырма берілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Облыс әкімдігі мен Ұлттық банк филиалы арасындағы бірлескен іс- шаралар аясында қаржы нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Қазір облыстағы банк филиалдарына өздерінің банк кеңселерінен доллардың сату курсын негізсіз көтеруге жол бермеу жөнінде тапсырма берілген. Соның ішінде бүгінгі басқосуға келген БТА, Казкоммерцбанк, Центркредит, Альянс және Халықтық банкі арасында өзара келісімге қол жеткізілді. Соған сай 1 доллардың сатылым бағасы 152 теңгеден артық болмауы керек. Егер одан көтерілсе, осы аталған банк филиалдары өз басшыларының атына сын келтіріп, оларға шара қолдануға тура келеді», - деді Қазақстан Халықтық банкі Маңғыстау филиалының директоры Марат Барлыбаев.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Қармыс Боқанов азық-түлік бағасының тұрақтылығы сақталатынын айтты. Қазіргі уақытта сауда-саттық орындарында 21 түрлі тағам сатылса, оның 8-нің бағасы түскен. Тек төртеуінің ғана құны көтерілген. Қалғаны тұрақты. Бұған қоса тұрғындарға валютаны банктің айырбастау орындарынан сатып алуға кеңес берілді. Қол жеткен келісімге сай енді екінші деңгейдегі банктер сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейтін болады.