«Ұлттық зияткерлік меншік институты» Атырауда өз филиалын ашты

Қазіргі таңда филиалда бар-жоғы екі адам - оның директоры Ғани Нұрмағамбетов пен жетекші маман Гауһар Жұмағалиева қызмет атқарады. Болашақта штат бірлігі ұлғая түспек.
Қай нәрсенің де сұрауы болатыны секілді, ойлап табылған тың дүние де, кішігірім мекеменің логотипі де тіркеуге алынып, заңдастыруды талап етеді.
Гауһар Айсұлтанқызының айтуынша, ашылғаннан бергі уақыт ішінде бөлімше бірнеше ұсыныс қабылдаған. Оның ішінде ғылыммен айналысатын өнертапқыш азаматтардың көптігі байқалады. Мәселен, Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы мұнай жабысқақтығын азайту жолдары жөніндегі жаңалығын патенттеуді қалайды. Оның қолында қазірдің өзінде отызға тарта патенті бар екен.
Құрманғазы ауданының тұрғыны екі бірдей жаңалығын заңдастыруды сұрап, құжатын тапсырыпты. Оның біріншісі - гравитациялық электр стансасын өнертапқыш «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынуды да ойластырып отыр екен. Бұл кісінің ақыл-ойынан туындаған келесі дүние - вертикальды жел генераторы.
Одан басқа, қаладағы серіктестіктердің бірі өздерінің «төл» логотипін заңдастырып алуды жөн көріпті. Қазірде олардың барлығы, сондай-ақ, филиал ашылғанға дейін берілген ұсыныстар зияткерлік меншік құқығы комитетінің сараптамасынан өтуде. Комитет алғашқы екі айда жиналған құжаттардың дұрыстығын тексереді, одан кейін тауарлық белгілерді тексеруге тоғыз, дүниеге келген жаңалықты анықтауға бір жыл уақыт жұмсалады. «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК өңірлік филиалының жетекші маманы Г.Жұмағалиева тексеру жұмыстарының көп уақыт алатынын республика бойынша түсіп жатқан ұсыныстардың көптігімен және бұл идеялардың бұрын тіркелмегенін, қолданыста жоқтығын анықтаудың ұзаққа созылатынымен түсіндіреді.
Орта есеппен алғанда, заңды және жеке тұлғалар арасындағы төлемақы айырмашылығын қоспағанда тауарлық белгіні рәсімдеу 45-55 мың теңге, патент алу - 50-80 мың теңге шамасын құрайды.