Ұлттың дәулеті жастар денсаулығымен тығыз байланысты

АНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында Парламент Мәжілісі бір топ депутаттардың бастамашылығымен әзірленген «Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» заңға толықтыру енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады

Ұлттың дәулеті жастар денсаулығымен тығыз байланысты

Ұлт болашағы, ұрпақ денінің саулығы үшін аса маңызды болып саналатын осы құжатты қабылдау қажеттігі баяғыда-ақ сезілген еді. Өйткені, есірткі секілді адамды азғыратын уыттың орнын басатын түрлі дәрмектердің, қоғам үшін залалды заттар мен алмағайып «қатерлердің» белең алып тұрған шағында ұлттық заңнаманы қымтап ұстау, қауіпке дер кезінде үнқату заманның талабы. Оның үстіне ұлт болашағы үшін өзекті болып саналатын баланың тәрбиесімен бірге оның «қорғаныс қабілетіне» де назар аудару қажеттігі маңызды мәселеге айналып отырғаны тағы рас. Осы тұрғыдан алғанда, депутаттардың бастамашылығымен мақұлданған құжаттың маңыздылығы да арта түсетіні ақиқат. Расында, соңғы жылдары әсіресе жастар арасында бас айналдырар есірткілік заттарға үйірсектік арта түскен. Нашақор атанып, «еліктіргішке» байланғандар санының артуына тағы бір себепті мамандар зиянды заттарға һәм олардың алмастырғышына оңай қол жететіндігінен көріп отыр.

Мәселенің заңнамалық өзектілігіне келетін болсақ, депутат Берік Бекжанов біраздан бері «шетелде қатаң тыйым салынған «шөптік микстер» Қазақстанда ашықтан-ашық саудаға түсіп жатыр» деп дабыл қағып еді. Былтыр мүдделі органдарға сауал жолдап, соның негізінде бірқатар шектеулер жасалған. «2009 жылдың қазанында елімізде арнайы «шөптік микстер» еркін сауда айналымында жүргендігі туралы депутаттық сауалмен ҚР Бас прокуратурасына және Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген болатынмын. Осы органдардан Қазақстанда бұлар есірткі заттарына жатқызылмағаны және тыйым салынбағаны туралы ақпарат алынды. Тоқтала кететін жайт, көршілес Ресей «шөптік микстерді», әсер ету күші басқа есірткі заттарынан кем емес, адамның санасын улайтын үлкен қауіп деп біраздан бері дабыл қағып отыр. Өйткені, Ресейдің 20-ға жуық өңірінде аталған шөптік қоспаны сату мен пайдалану шекті жағдайға жетіп, әсіресе жастардың бұған әуес болуы кең етек алған. Сол себептен болуы керек, Ресей 2009 жылдың сәуір айынан бастап «шөптік микстердің» еркін сауда айналымына қатаң қадағалау орнатып, бұны есірткі заттары қатарына жатқызу туралы мәселені заңдастырып жатыр. Бұған қоса, аталған шөптік қоспаның қорабындағы қазақ тіліндегі жазбасында «шөп микстері адам тәнін емес, жанын емдейді» деп жазылыпты», - деген болатын депутат былтырғы бір сауалында.

Осыдан кейін-ақ 2010 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша республика бойынша шөптік микстерді сатуға тиым салынды. Сол қаулының күшімен ғана Алматы секілді үлкен қалалардың қақ ортасында дүкенде ашық саудаланатын шөп қоспаларына аз-маз тоқсауыл қойылып, арнайы шектеу жасалған. Алайда заң жүзінде тыйым болмағандықтан ондай тыйымның салмағы жоқ екендігі сөзсіз. Ал әлгі «шөптік микстердің» қасіретіне келетін болсақ, бір қарағанда қарапайым шөптік дәрілер іспеттес көрінетін қоспалар нағыз есірткі шөбі саналатын «марихуанадан да» ұзақ әрі күшті әсер беретінін шетелдік мамандар дәлелдеген. Бұндай «шөптік қоспалардың» адам психикасына, ағзасына, бала санасына кері әсерін түсінген Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Жапония, АҚШ және тағы сол сияқты әлемнің дамыған елдері мұны пайдалануға мүлдем тыйым салған. «Қоспа» кәдімгі есірткінің орын алмастырғышы ретінде де қарастырылады. Өйткені, тәуелділікке душар етіп, оны пайдаланған кезде адам есінен айырылады, өз әрекетіне жауап бере алмайтын халге жеткізеді. Ресей телеарналары да осы мәселені терең зерттеп, «шөптік микстердің» қолдануының салдарынан көптеген адамдардың әртүрлі денсаулыққа қатерлі дерттік жағдайға ұшырайтындығы, токсикологиялық улануларға, өлімге алып келу жайттары болғандығын дәлелдеп, деректі фильм түсірген.

Ал елімізде тәркіленген «шөптік микстерді», дүкендерге сатуға шығарылған қоспаларды химиялық сараптамадан өткізгенде, олардың синтетикалық каннабиоидтар түріне жататыны анықталған. Бұл заттың да адамның психикасына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан да, шөптік қоспаны есiрткi және психотроптық зат тектестер немесе құрамында есiрткi заттары бар өсiмдiктер қатарына енгізу көзделеді. Осы мақсатта «шөптік микстер» Қазақстан Республикасының «Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заңымен бекітілген арнайы тізімге енгізіледі.

«Есірткіні пайдаланудың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы қоғамда зор алаңдаушылық туғызып отырғаны рас. Әсіресе, жастардың есірткіге әуестенуі белең алып, нәтижесінде зорлық-зомбылық пен адам өліміне әкеп соғуда. Сондықтан да, қоғам мен әлеуметтік орта бұл үдеріске өз ықпалын күшейтуге тиіс. Елімізде халық денсаулығына кері әсерін тигізетін «шөптік микстер» біраз уақыт еркін сатылып, кейіннен Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша тиым салынды. Алайда тиым салу шарасын бұзған азаматтарға тиісті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қолданыстағы заңмен қарастырылмаған, сондықтан да осындай толықтырулар енгізілуде», - дейді Б. Бекжанов.

Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау елдегі есірткінің таралу ахуалын дамуына мемлекеттік және әлеуметтік бақылауды нығайтуға септігін тигізеді. Сөйтіп, заң жүзінде зиянды деп тыйылған шөп қоспаларын сатқандар жауапқа тартылатын болады. Ең бастысы, «шөптік микстерге» тыйым салу арқылы Қазақстанның ішкі және сыртқы қауіпсіздігінің жай-күйіне, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына теріс ықпал етуін шектеуге қол жеткізіледі. Жалпы, қазақтың генетикалық тазалығы да, ұлттық дәулеті де бүгінгі жастар денсаулығына тығыз байланысты. Сол үшін де шетелден «экспортталатын» қоспалардың таратылуына тыйым салу төнген қатердің тамырына балта шабумен бірдей шара.